Таиландтағы қазақстандық ұшқыштарға қатысты жаңа айып тағылған жоқ - Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтардың 8-інде Таиландтағы «Бангкок пост» газеті қазақстандық ұшқыштардың тергеуіне қатысты жаңа айыптар тағылғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Осыған орай, Қазақстан дипломатиялық миссиясының мәліметтеріне сәйкес, бұл жаңа айып емес, тек осыдан бұрынғы тағылған айыптарды нақтылау формулалары болып шықты. Айта кетерлігі, біздің дипломатиялық миссия Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Таиландтық беделді адвокаттардың бірі қазақстандықтарды қорғауда. Қазақстандық дипломатия Таиланд соты алдында азаматтарымыздың кінәсіз екендігін дәлелдейді деген үмітте», деді А. Әбдірахманов.
Оның айтуынша, тергеу барысына орай қазақстандық ұшқыштар өздерінің еш кінәсіз екендіктерінен танбаған. «Шындығында да, халықаралық құқыққа сәйкес ұшқыштар әуе кемесі контейнерлерінің ішінде не бар екендігінен хабарсыз бола алады. Бұл жүктер туралы оны жолдаушы және күтіп алушы ғана білуі шарт. Сондықтан да қазақстандық ұшқыштар туралы тайландтық сот әділ шешім ұстанады деп ойлаймыз», деді А. Әбдірахманов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Таиландтағы дипломатиялық миссиясы мен құзырлы органдардың мәліметтері бойынша, Бангкокта ұсталған 4L-AWA нөмірлі Ил-76 ұшағы Грузияның «Айр Вест Джорджиа ЛТД» компаниясының атына тіркелген. Аталмыш ұшақты жаңазеландиялық «СП Трейдинг ЛТД» компаниясы жүк тасымалдау үшін жалға алған. «Ұшақтың экипажындағы 4 қазақстандық пен беларустық 1 азаматты «Айр Вест ЛТД» компаниясы ұшақта қызмет көрсету үшін жалдаған және бұл шара халықаралық нормаларға сәйкес. Қазіргі таңда Қазақстанның дипломатиялық миссиясы қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін арнайы жұмыстар жүргізуде.