АҚШ елшілігінің қызметкерлері Тайлақты ағылшынша сөйлетті

Тақиялы періште
Фото: Фильмнен алынған кадр

 Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қызметкерлері қазақтың бірнеше классикалық көркем фильмінің фрагменттерін ағылшын тіліне аударып көрді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында АҚШ елшілігінің қызметкерлері классикалық қазақ көркем фильмдерімен танысып, оларды ағылшын тіліне аударып көргісі келді. Сүйікті фильмдеріңіздің ағылшын тіліндегі толық нұсқасын көргіңіз келе ме?» — деп жазылған елшіліктің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мәселен, ағылшынша аудармада «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақты — Lucas, Биші қызды — Lola, Сырлыбай бидің сөзін — Colin, Ермек Серкебаевты — Johnibek, Оралды Chris дыбыстаған.

Еске салайық, режиссер Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмі 1968 жылы жарыққа шықты. Кинода еңсегей бойлы, алпамса денелі, дархан мінезді, кең пейілді Тайлақ сүйікті тақиясын басынан тастамай жүреді. Анасы (Тана — Әмина Өмірзақова) баласын баласын еркелетіп, «Тақиялы періштем» деп атайды. Сюжет барысында анасы баласын үйлендіру үшін қыз іздеп Алматыға келеді. Тайлақ көрікті Айшамен танысады. Анасы ұлының таңдауын бірден қабыл алмайды. Себебі Айшаның әкесі — кезінде Танамен сөз байласып, кейін сөзінен тайған Тайыр. Тайлаққа сыра сатушы Алтыншаш та тұрмысқа шыққысы келеді. Сатушыдан қашқақтаған Тайлақ Айшаға үйлену туралы ұсыныс жасайды. Нияз болса, Танаға сөз салады. Осындай көңілді оқиға қос тоймен аяқталады.

Фильм туралы бірнеше дерек: Кино 7 айда түсіріліп бітті. Түсірілім негізінен павильондарда жүрген. Эпизодтағы сән-салтанаты келіскен үй — уақытша тұрғызылған орын. Билеген студентті сомдаған қазіргі ҚР Халық әртісі — Марат Ахмадиев. Би сол жердегі түсірілім алаңында ойластырылған.

Шәкен Айманов «Тақиялы періштесін» ұзақ уақыт іздемеген. 1965 жылы Алматыда күрестен Қажымұқан атындағы турнир өтеді. Сол жарысқа арнайы келген бір балуанды байқап қалып, кезекті бір туындысына басты рөліне шақырған.
Фильм музыкаға бай. Халық әні, классика, джаз, қысқасы, барлық жанр қамтылған. Тақиялы періштені қазақша мюзикл деп атайды. Әндердің көбі киноға арналып, арнайы жазылған.
Бибігүл Төлегенова түскен эпизодта «Ана» әнін өзі орындамаған.

Соңғы жаңалықтар