Такси жүргізушілерінің жарты миллионнан астамы жаңа салық режиміне көшті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін енгізілген арнаулы салық режимін 519,7 мың адам такси қызметін көрсетуге пайдаланып отыр. Ал интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтар үшін 16,1 млрд теңге әлеуметтік төлем аударылған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрдің жауабына сәйкес, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін 981,2 мың адам қолданған. Олардың 866,9 мыңы интернет-платформалар арқылы қызмет көрсетсе, 114,2 мыңы өз бетінше жұмыс істейді.
Бұл режимді пайдаланатындардың басым бөлігі такси және курьерлік қызметке тиесілі. Атап айтқанда 519,7 мың адам жолаушы тасымалдаумен, тағы 292,5 мың адам курьерлік қызметпен айналысады. Екі бағыттағы азаматтардың үлесі аталған салық режимін қолданушылардың 83%-ы.
Министрдің мәліметінше, интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін 866,9 мың азамат үшін жалпы сомасы 16,1 млрд теңге әлеуметтік төлем аударылған. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналарына 4,4 млрд теңге, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына 3,8 млрд теңге, әлеуметтік аударымдарға 3,9 млрд теңге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 4,1 млрд теңге бағытталған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жаңа режимге қатысушылардың 807,3 мыңы осы жүйеге жаңадан қосылған азаматтар.
Биыл жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шыққан азаматтардың бәрі бірдей кәсібін тоқтатқан жоқ. Министрдің жауабына сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 356,2 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған. Олардың арасында өткен жылы мүлде табыс таппағандар да бар.
Атап айтқанда қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкерлердің 73,9 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режиміне көшкен. Тағы 151,8 мың кәсіпкердің 2025 жылы табысы болмаған. Ал 102,4 мың адамның жылдық табысы 10 млн теңгеге дейін жеткен.
Тіркеуден шыққан жеке кәсіпкерлердің кемінде 225,7 мыңы бұрын белсенді жұмыс істемеген немесе қызметін басқа мәртебеде жалғастырған азаматтарға тиесілі.
Айта кетейік, бұған дейін, курьер, такси жүргізушілері мен фрилансерлер үшін жаңа ереже әзірленгенін жазған едік.