Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Тақтар ойынының» жұлдызы Николай Костер-Вальдау рөл таңдауда қандай ұстанымға сүйенетінін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — «Тақтар ойыны» сериалындағы Джейми Ланнистер рөлі арқылы танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау кейіпкер таңдауда өзі үшін ең маңызды қағиданы атады.

«Тақтар ойынының» жұлдызы Николай Костер-Вальдау рөл таңдауда қандай ұстанымға сүйенетінін айтты 
Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Comic Con Astana 2026 аясында өткен баспасөз мәслихатында актер әр ұсынылған рөлге келісе бермейтінін айтты.

— Мен сомдайтын кейіпкерді түсіне алуым керек. Оның әрекетін құптамауым мүмкін, бірақ не үшін солай істегенін ұғынғым келеді. Алайда ешқашан келіспейтін рөлдер де бар. Мысалы, балаларға зорлық-зомбылық көрсететін адамдардың бейнесін сомдаудан бас тарттым, — деді Николай Костер-Вальдау.

Актердің айтуынша, қазір ол сценарий мен кейіпкерден бөлек, фильмнің көтеретін тақырыбына да ерекше мән береді.

— Мен тек қызықты оқиғаны ғана емес, белгілі бір ойы, қоғамға айтар сөзі бар жобаларды іздеймін. Жұмысым ойын-сауықпен ғана шектелмей, адамдарға қандай да бір пайдасын тигізсе деймін. Оның нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес, бірақ мен үшін осы маңызды, — деді ол.

Костер-Вальдау сондай-ақ жасы ұлғайған сайын өзіне ұсынылатын рөлдердің де өзгергенін айтты.

— Бұрын әке рөлін алғаш рет сомдауға ұсыныс алсам, қазір ата бейнелері де ұсыныла бастады. Мен үшін мансаптың ең биік шыңы деген ұғым жоқ. Әр рөл, әр жұмыс жаңа тәжірибе береді. Актерлік мамандықты қызықты ететін де — осы, — ол.

Айта кетейік, бүгін елордада Comic Con Astana 2026 фестивалі басталды.

Бұған дейін Comic Con Astana 2026 фестивалінің қонағы, даниялық актер Николай Костер-Вальдау Қазақстанға алғашқы сапары жайлы әңгімелеген еді.