«Талан-тараж қашан тыйылады?» - баспасөзге шолу

***
«Мемлекеттік сатып алу заңдылықтары жариялылық пен ашықтықты, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсауды, адал бәсекелестікті, әріптестерге тең мүмкіндіктер беруді көздейді. Әйткенмен, мемлекеттік сатып алуға қатысушылар тарапынан заңды белден басу, бюджет қаржысын бүйідей жымқыру фактілері жиі көрініс беретіндігі жасырын емес. Мәселен, Ақмола облысында аталған сала бойынша жыл басынан бері 40 қылмыс анықталған. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 3,6 есе көп»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Талан-тараж қашан тыйылады?» деген тақырыптағы мақаласында. «Негізінен мұндай қылмыстар сеніп тапсырылған ақша мен мүлікті қымқыру немесе талан-таражға салу, алаяқтық, билік пен лауазымдық қызметті асыра пайдалану, пара алу сияқты келеңсіздіктерден көрініс береді», - дейді басылым тілшісіне ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Ақмола облыстық департаменті (қаржы полициясы) бастығының орынбасары Еділ Бейсеков. Мәселен, Зеренді ауданындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мен «Зеренді-Сервис» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшыларының үстінен бір мезетте 14 қылмыстық іс қозғалып отыр. Олар аудандық аурухананың қазандық жабдықтарын орнату кезінде, бірқатар ауылды сумен қамту барысында және аудан орталығына кіреберіс қақпаны жабдықтауда атқарылмаған жұмыстарды жалған актілермен қабылдап алған. Аталған басшылардың ашкөзділігі салдарынан мемлекетке 12 миллион теңгеден астам шығын келтірілді. Қазір арнайы прокуратура қылмыстық істі тергеу амалдарын жүргізуде.
Кеше Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Әкім журналистерге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірдегі мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймаққа қатысты айтқан сын-ескертпелерінің орындалуын баяндады. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Ақтөбеде атқарылар жумыс ауқымды» деген тақырыппен берілген. Баслыымның жазуынша, әкім Мемлекет басшысының 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы өңірге қатысты сынына байланысты журналистер сауалына нақты жауап берді. «Аталған мектептердің сыйымдылығы бірдей. Бірақ, бағасы әртүрлі. Оның себебі, мектептердің орналасқан жерінде болып отыр. Қала орталығында орналасқан аудандарға мектеп салу арзанға түседі. Өйткені, инфрақұрылымдар мен қажетті дүниенің бәрі қасында. Ал, қала сыртына инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жүргізуге тура келеді. Сондықтан, екі мектептің құрылыс бағасында 60-70 млн. теңге көлемінде айырмашылық болған. Мұны тиянақты тексерген күштік құрылым қызметкерлері ешқандай заң бұзушылықты таппады. Осындай түсініспеушілік орын алмауы үшін, алдағы уақытта мектеп салуға байланысты смета жасағанда инженерлік-коммуникациялық жүйелерді бөлек сметамен есептейтін боламыз», - деді өңір басшысы.
***
Әлемнің әр жерінен іздегені - ілім, көздегені - білім болған қазақ жастарын қазір кездестіру қиын емес. АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Канада, Чехия, Қытай және тағы басқа мемлекеттерде 70 мыңға жуық қазақстандық студенттер білім алуда. Көрсеткіш көңіл қуантарлық. Десек те, алып елдерде жүрген санаулы жастардың опық жегізетін кейбір қылықтары ел имиджіне кері әсер етіп жатқаны өкінішті жайт. Мәселен, Бостон оқиғасына қатысты ұсталған қазақстандық студенттер Азамат Тәжіяқов пен Диас Қадырбаевқа «тергеу ісін шатастырмақ болды» деген айып тағылғаны белгілі. Сондай-ақ екі студент «виза тәртібін бұзды» деген себеппен де қамауда. Хьюстон Хобби әуежайындағы көлік тұрағында «көлік дөңгелектерін ұрлады» деген айыппен Хьюстон қоғамдық колледжінің студенттері 17 жастағы Темірлан Қантай, 19 жасар Ержігіт Серікбай және 22 жастағы Нұрбол Таңатовтың ұсталғаны тағы бар. Келтіре берсек мұндай мысалдар көп. Дерек көздеріне қарағанда, Еуропа мемлекеттеріне өзге елден келген жастардан гөрі қазақстандық студенттер қиын жағдайға көбірек тап болатын көрінеді. Мұның себебі неде?! Оның жай-жапсарын «Айқын» газеті бүгінгі санында «Шетелден оқу іздегендер неге опық жейді?» деген тақырыптағы мақаласында мамандар пікірімен кеңінен ашуға тырысқан.
Жақында Білім және ғылыи министрі еліміздегі жоғары оқу орындарын жекешелендіру керектігі төңірегінде пікір білдірген еді. Алайда бұл ой баршаның көңілінен шықпағаны анық. Пікір алуандылығының өзі бұл төңіректе әлі де ақылдасудың қажеттігін көрсетеді. Осы орайда Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев «Айқын» газетіне аталған жайт төңірегінде тұщымды сұхбат берген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ғалым: «Жалпы, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес университеттер деудің өзі орынсыздау сияқты. Өйткені мемлекеттік жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыспен (грантпен) оқитындар үлесі әрі кетсе 10-15% ғана, қалғандары ақылы негізде білім алады. Сондықтан да университеттерді мемлекеттік не мемлекеттік емес дегеннен гөрі - мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын және өзін-өзі қаржыландыратын университеттер деп атаған қисынға келетін секілді. Ал cіздің тікелей сұрағыңызға келсек, мемлекеттік университеттерді жекешелендіргеннен ешнәрсе өзгере қоймайды. Осы сияқты эксперименттер елімізде талай жасалғанын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Кезіндегі мемлекеттік жоғары оқу орындар ашық немесе жабық акционерлік қоғамдарға айналдырылып, бәсекелестік ортаға жіберілген еді. Осыдан нені ұттық, неден ұтылдық?! Мемлекеттік университеттерді жекешелендірмес бұрын осы жағын терең талдап, тәуелсіз сарапшылардың, Үкімет басшысы С.Ахметов атап көрсеткендей, қоғам тарапынан қолдау табу жағын жан-жақты қарастырған дұрыс», - дейді. Сұхбат «Мәселенің мәні - қаржыландыру көзін табуда» деген тақырыппен берілген.