Талант ең кішкентай ауылда да дүниеге келуі мүмкін — Ислам Байрамуков
АСТАНА. KAZINFORM — Талантты баланың қай жерде дүниеге келгені маңызды емес, оған өз қабілетін дамытуға мүмкіндік берілуі керек. Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында белгілі спортшы Ислам Байрамуков өңірлердегі балаларға тең мүмкіндік жасау мәселесіне ерекше назар аударды.
Өз сөзінде Ислам Байрамуков Халық Кеңесі елдің барлық өңірінен келген азаматтарды біріктіретін бірегей алаң екенін атап өтті.
— Өңірлерді дамыту және балаларымызға тең мүмкіндіктер жасау мәселесі маған өте жақын. Соңғы жылдары әділдік, баршаға тең мүмкіндік туралы көп айтылып жүр. Бұл — Мемлекет басшысының басты ұстанымы, — деді спортшы Тәуелсіздік сарайында өткен Кеңестің бірінші сессиясында.
Спортшының айтуынша, баланың спортқа қабілеті болса, оны дамытуға жағдай жасалуы керек. Дәл осындай мүмкіндік музыкаға, өнерге, ғылымға немесе технологияға қызығатын балаларға да берілуге тиіс.
— Ауылдағы балаға спортпен айналысуға, мәдениет ошақтарына баруға, заманауи білім беру ресурстарына қол жеткізуге, түрлі жарыстар мен байқауларға қатысуға және өз болашағын қалыптастыруға мүмкіндік беретіндей жан-жақты жағдай жасауымыз керек. Таланттың ең кішкентай ауылдың өзінде дүниеге келуі мүмкін екенін өз тәжірибемнен білемін. Сол талантты көре аламыз ба және оның ашылуына мүмкіндік бере аламыз ба — мәселе сонда, — деді Ислам Байрамуков.
Спортшы өзінің туған жері — Жамбыл облысының қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданын мысал етті. Бұл өңірдің спорт тарихы Луговой жылқы зауытымен де тығыз байланысты.
— Кішкентай ғана ауданнан бізде 11 Олимпиада жүлдегері бар екен. Оның ішінде 3 алтын, 2 күміс, 6 қола медаль иегері бар. Әлемге әйгілі, кезінде бүкіл әлемге шулы Луговой жылқы зауыты болған. Сол жерден шыққан атақты сәйгүлік — «Абсент». 1960 жылы Италияда, Рим қаласында өткен Олимпиада ойындарында топ жарып, алтын медаль ұтып алған болатын. Одан кейін 1964 жылы Жапонияда, Токио қаласында өткен Олимпиада ойындарында екі медаль иегері — екі қола, және 1968 жылы Мексикада өткен Олимпиада ойындарында тағы да қола медаль алған, — деді ол.
Осы тұрғыда И. Байрамуков Қазақстан Халық Кеңесінің рөлі маңызды екенін айтты.
— Біз өңірлердің дамуы туралы нақты мәселелерді көтеруіміз қажет. Бүгін тең мүмкіндіктер жасай отырып, біз ертеңгі Қазақстанның адами капиталын дамытамыз, — деді ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, кітапхана, музей, мектеп, саябақ және басқа да қоғамдық нысандарды барынша тиімді пайдалану керегін айтқан еді.
Сонымен бірге, Президент абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы — халқымыздың болашағына жасалған инвестиция деп атады.