Таласбек Әсемқұлов байқауы: Алматыда күйшілер бақ сынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жазушы, күйші Таласбек Әсемқұлов атындағы күйшілер мен қаламгерлер байқауы өтті.

Ұйымдастырушылар айтуынша, Таласбектану әдеби қаламгерлер байқауы осымен 6 рет, күйшілер байқауы 5 рет ұйымдастырылды. Бұған дейін 4 рет күйшілер сайысы елордада өтсе, биыл алғаш рет ұлттық аспап шеберлері Алматыда жиналды.

Байқауда әділқазылар алқасының төрағасы болған Мұрат Әбузғазы Таласбек Әсемқұловтың күй өнеріне қосқан үлесі орасан зор екенін атап өтті.
— Байқаудың басты мақсаты — Таласбек Әсемқұловтың күйшілік орындаушылық өнерін дәріптеу. Ол кісі күй өнеріне өте көп еңбек сіңірді. Әсіресе, Абылайханның замандасы болған Байжігіт күйшінің мұрасын тікелей біздің заманға табыстаған Таласбек ағамыз. Шұбартау, Аягөз өңіріндегі барлық күйшілерге жолығып, Байжігіттің күйлерін үйренген. Одан кейін Таласбек ағамыз 1975 жылы «Мелодия» фирмасынан Байжігіт күйлерінің күйтабағын шығарды. Сондай-ақ аттары белгісіз Сақбеке, Нұрғыз, Қызылмойынқуандық, өзінің атасы Жүнісбайдың күйлерін жеткізді. Кейінгі кезде өз жанынан да күйлер шығарды, — деді ол.
Байқаудың негізгі талаптарының бірі — Таласбек Әсемқұловтың мәнеріне жақындатып күй тарту болды. Жалпы сайысқа 14 жастағы баладан талай жарыстарда топ жарып жүрген дүлдүлдерге дейін 13 күйші қатысты. Нәтижесінде бас жүлде Жарқыннұр Ержанатқа бұйырды. Екінші — Нұрали Саятұлы, үшінші — Мәулет Ағанас болды. Таласбек Әсемқұловтың атасы Жүнісбай Стамбаев атындағы арнайы жүлде Арман Жаныбековке берілді. Ал Әсемқұловтар отбасының атынан арнайы жүлдені Баймұхат Сағи алды.

Еске салайық, жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұлов 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы Ақтоғай теміржол стансасында дүниеге келген. 1976-1980 жылдары Алматы қаласы, Абай атындағы педагогика институты филология факультетінде білім алған.
Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы жарық көрген.«Мәңгілік сары» антологиясына 20-дан астам, «Қазақтың мың күйі» (2009) антологиясына 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы» атты СD-дискі шыққан.
Таласбек Әсемқұлов 2014 жылы дүниеден өтті.