«Талдау»: мемлекет, нарық және студент – білім берудегі жаңа бағыт
АСТАНА. KAZINFORM — «Jibek Joly» телеарнасындағы «Талдау» бағдарламасында жүргізуші Ғазиз Әбішев Қазақстандағы білім беруді қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістерді түсіндірді.Сарапшының айтуынша, Конституцияда тегін орта білім алу кепілдігі сақталады және ол барлық азамат үшін міндетті болып қала береді. Сондықтан мектептегі білім беру бұрынғыдай мемлекет есебінен қаржыландырылады.
Ал жоғары білім алу құқығы сақталғанымен, оның тегін болуы толық кепілдендірілмеген. Бұл мемлекетке білім беру саласында икемді саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге білім беру гранттары сақталады. Олар, ең алдымен, медицина, ұлттық қауіпсіздік, ғылым және өнеркәсіп сияқты маңызды салаларға бағытталады.
Бағдарламада бұл өзгерістердің ел экономикасындағы жағдаймен тығыз байланысты екені де айтылды. Қазір Қазақстан қайта индустрияландыру кезеңінен өтіп, біртіндеп шикізатқа тәуелділіктен арылып келеді.
— Жаңа Конституция нарықтық экономиканың нақты жағдайын ескереді. Сонымен қатар ұзақ мерзімді тұрақтылық пен тиімділікке басымдық береді, — деді Әбішев.
Осы жағдайда мемлекет бюджет шығындарын оңтайландырып, инвестициялардың тиімділігін арттыруға, соның ішінде білім беру саласына салынатын қаражаттың қайтарымын күшейтуге ұмтылып отыр.
— 2000-жылдардың басындағыдай мұнайдан түсетін мол табыс болмайды. Қазір оның кірісі азайды. «Молшылық кезеңі» артта қалды, — деді спикер.
Сарапшының пікірінше, жаңа конституциялық норма мемлекеттік гранттарды нақты қажетті мамандықтарға бағыттауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бюджет қаржысы тиімді жұмсалып, түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі артады.
Сонымен қатар білім беру жүйесінде бәсеке күшейеді деп күтіледі. Бұл жоғары оқу орындарының білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Ал талапкерлер мамандық таңдауда жауапкершілікпен қарай бастайды.
Осылайша, жаңа тәсіл бір жағынан әлеуметтік кепілдіктерді сақтаса, екінші жағынан жоғары білім беру жүйесін нарық талаптарына бейімдеуді көздейді.
Айта кетейік, «Талдау» бағдарламасының алдыңғы шығарылымы Қазақстанның жаңа Конституциясын жүзеге асыру кезеңдеріне арналған еді.