Талдықорған маңында көне петроглифтер жойылу алдында тұр — депутат

сергей пономарев
Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Талдықорған маңындағы бұзақылық мәселесін көтерді. 

— Мен тағы да вандализм мәселесін қозғағым келеді. Қоғам бізді қоршаған дүниелердің бүлінуіне алаңдаулы. Жастар орындықтарды сындырып, қоқыс жәшіктерін қиратып, ғимараттардың қасбеттерін ғана емес, тіпті ескерткіштерге де әдепсіз сөздер жазып кететін болды. Бұл жастар неге ештеңенің қадірін түсінбейді? Әсіресе, ойын алаңдарындағы әткеншектерді аудару, спорт алаңдарындағы баскетбол себетін сындыру әдетке айналып барады. Вандализм қоғамдық құндылықтарды жояды, — деді палатаның жалпы отырысында депутаттық сауал жолдаған Сергей Понамарев.

Мәжілісмен жалпыұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені өткір айтқанын атап өтті. «Бурабайдағы Жұмбақтасқа, Баянауылдағы Кемпіртасқа қараңызшы, қайталанбас сұлулық түрлі жазулардың көлеңкесінде қалып қойған. Тұрғын үйлердегі лифттерді, аулалардағы ойын алаңдарын, көшелердегі аялдамаларды бүлдірудің қандай қажеті бар?! Мұның бәрі әдепсіздік пен мәдениетсіздікті көрсетеді» деген еді Мемлекет басшысы. 

Ол сондай-ақ, әркім өзінен бастауы керектігін айтты. Жастар үлкендерден үлгі алады.

Қалалардағы вандализм фактілерін полиция мен жұртшылық назарына іліктіру үшін әлеуметтік желіде жариялау — бүгінде қуатты құрал.

— Қазір мен өз депутаттық сауалымды жолдап жатырмын, ал Жетісу аумағында Талдықорған қаласының маңындағы ежелгі петроглифтері бар қорғандар құрылыс тасы үшін қасақана жойылуда. «Энергострой» компаниясы тұрғындарға «Темір» карьеріндегі тау жыныстарын қопсыту үшін жарылыс жұмыстары жүргізілетінін ескертті. Олар Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтарынан үрейленуге себеп жоқ екенін түсіндірген. Депутаттық сауалымызға «вандализмнің алдын алу мақсатында жыл сайын 10 мыңға жуық іс-шара өткізіледі» деген қарабайыр жауап алдық. Біз алтын өндірушілердің ойланбай жасаған амалынан ғасырлар бойғы құнды деректер жойылып кетуі мүмкін екенін жазғанымызбен, петроглифтерді жоюшылар мен металл іздегіштер туралы бір ауыз сөз айтылмады, — деді Сергей Понамарев.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып депутат ұсыныс жасады.

Үкімет тарихи және мәдени нысандарды сақтау туралы заңнаманың орындалуын ерекше бақылауға алып, мәдени мұраны зерттеу, реставрациялау және қорғау орталықтары инспекторларының өкілеттігін заңнамалық тұрғыдан кеңейтуі қажет.

Әлеуметтік желілерде вандализмге қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды.

Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жоспарланған 28 мың бейнебақылау камерасын, оның ішінде Қазақстанның тарихи-мәдени және табиғи мұра нысандарына да орнатуы тиіс.

Әуесқой археологтарға металл іздегіштерге тыйым салу, қызметтің осы түріне лицензиялауды енгізу, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін жою үшін жауапкершілікті күшейту қажет.

Соңғы жаңалықтар