Талдықорған маңында құм-қиыршықтас қоспасын заңсыз өндіру фактісі тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері табиғатты қорғау прокуратурасы, Талдықорған полиция басқармасының патрульдік полиция ротасы және учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп Балықты өзенінің жағалауында рейдтік іс-шара өткізді.
Полицияның мәліметінше, рейд барысында полицейлер құм-қиыршықтас қоспасын заңсыз өндіру және тиеу фактісін анықтады. Оқиға орнында табиғи материалды заңсыз тиеуге қолданылған трактор мен екі жүк көлігі анықталды.
Трактор арнайы тұраққа қойылды. Бұл факт бойынша қажетті материалдар жинақталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін Жетісу облысы бойынша экология департаментіне жолданады.
Ведомство бұл бағыттағы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада құрылыс нысанынан топырақ ұрламақ болған төрт жүргізуші ұсталғанын хабарлаған едік.