Талдықорған мен Текелі арасында жолаушылар пойызы қатынай ма — Көлік министрлігі жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігі Мәжіліс депутаттарының Талдықорған мен Текелі арасын жалғап жатқан темір жол желісін жолаушылар үшін де пайдалануға мүмкіндік жасау ұсынысына жауап берді.

пойыз
Фото: Kazinform

Айта кетейік, мәжілісмендер Талдықорған мен Текелі арасындағы 50 шақырымдық шойын жолмен тек жүк қана тасымалданатындығын, осы жолмен жолаушылар пойызының қатынауына да мүмкіндік жасау керектігін атап өткен еді.

— Тұрғындардың ел Үкіметіне жолдап отырған өтініштерінің негізі — осы шойын жолды жолаушылар үшін де тиімді етіп беру. Екі ара жақын болғанымен тұрғындар үшін өте қолайсыз әрі қорқынышты болып кеткелі қашан?! Себебі өңір таулы аймақта орналасқандықтан, облыс орталығы мен Алматыға қатынайтын автокөліктері жиі жол апатына ұшырайды. Адам шығыны да аз емес. Тіпті, оқыс жағдай көктем мен күзде, әсіресе қыстың күндері жиі орын алатын болған, — деді Мәжіліс депутаттары.

Осы сауалға жауап берген Көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаров аталған аралықта теміржол желісі жүк тасымалы үшін қолданылатындығын айтады. Алайда, қазіргі уақытта жолаушылар пойыздарын жүргізу үшін инфрақұрылым мен технологиялық жабдықталуы тиісті талаптарға толық сәйкес келмейді. 

— Бұған қоса, жолаушылар ағыны мен экономикалық орындылығы тұрғысынан жүргізілген талдау нәтижелері негізінде бұл бағытта тұрақты жолаушылар пойызын іске қосу әзірге жоспарланбаған. Сонымен қатар, Текелі мен Талдықорған қалалары арасындағы арақашықтықтың жақындығын ескере отырып, бұл бағытта жақсы жағдайдағы автожолдар арқылы жолаушылардың қатынауы қамтамасыз етіліп жатыр. Жуырда қайта жаңғыртудан өткен республикалық маңыздағы жолдар көлік қозғалысы үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасап отыр. Бүгінде өңірлер арасында көліктік қолжетімділікті арттыру мақсатында авто және теміржол инфрақұрылымдарын кезең-кезеңімен дамыту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы мен жолаушылар ағынының өзгеруіне қарай бұл мәселе қосымша қарастырылатын болады, — деді ол.

Бұдан бұрын Талдықорған-Үшарал газ құбыры желілік бөлігінің құрылысы аяқталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар