Талдықорған полициясының бұрынғы басшысына қатысты сот процесі қашан жалғасады

сот
Фото: Kazinform/Мухтор Холдорбеков

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы, қыз зорлады деп айыпталған Марат Күштібаевтың соты 28 наурызда қайта жалғасатын болады. Бұл туралы Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.

«ҚР ҚК-ның 120-бабы бойынша айыпталып отырған Қ-ға қатысты қылмыстық іс Талдықорған сотында қаралып жатыр. Сот отырысының күні биыл 28 наурызға белгіленді», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

5 наурыз күні Талдықорған полициясының бұрынғы басшысы Марат Күштібаевтың денсаулығының нашарлауына байланысты сот отырысы кейінге шегерілген болатын.

Ақпан айының соңында Марат Күштібаевқа қатысты сот отырысы басталған еді. Процесс жабық режимде өтті.

Еске салайық, былтыр қарашада Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев қыз зорлады деген күдікпен ұсталған болатын.

Мәліметке сенсек, қылмыс оның кабинетінде болған.

Соңғы жаңалықтар