Талдықорған театрының қойылымдарын 60 мыңнан астам көрермен тамашалаған

Биыл Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры көрермендердің жиі баратын сүйікті орнына айналды. Өткен жылы театрға 45 мың адам келсе, биыл көрермен саны 60 мың адамға жетті, деп хабарлайды Kazinform.

театр
Фото: Жетісу облысының мәдениет басқармасы

Өңірдегі бірегей өнер ұжымы қол жеткізген шығармашылық жетістіктер де аз емес.

Театр ұжымы халықаралық фестивальдерге қатысып биік белестерді бағындырып жүр. Жаңашылдық та жеткілікті.

«Қазан айында Алматы қаласында өткен I Халықаралық „ALMATY PUPPET FESTIVAL“ қуыршақ театрлары фестиваліне В.Воробьевтың „Қырсық“ эксперименталды қуыршақ қойылымымен қатыстық. Бұл жарты ғасырға жуық тарихы бар киелі орда үшін үлкен жаңалық болып отыр. Себебі, театрымыздың репертуарында алғаш рет қуыршақ қойылымы сахналанса, әрі аталмыш қойылым тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткен қуыршақ театрлары фестиваліне қатысты», — дейді театр директоры Ерлік Жуасбек.

Жақында түркітілдес елдердің басын қосқан халықаралық фестивалі болды.

Түрікменстан астанасында өткен рухани іс-шарада түркітілдес ағайынның назарына Талдықорған театры «Қорғансыздың күні» қойылымын ұсынды.

«Бұл өнер бәйгесіне қатысу арқылы театрымыз шет елдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасты. Актерлер шеберлік шыңдап, жаңа нәрсе үйреніп, қазақ театр өнерінің жаңа баспалдағына қадам жасады», — дейді театр актрисасы Айгерім Бектемірова.

Халықаралық фестивальге Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен өнер ұжымдары келді.

Жоғары дәрежеде өнер көрсеткен Талдықорған драма театры ұжымы министрлік пен фестивальдің арнайы кубогымен және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының дипломымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар