Талдықорғанда анасын бірнеше рет ұрған адамға сот үкімі шықты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Талдықорған қалалық соты өз шешесін сабаған азаматқа үкім шығарды. Бұл туралы Жетісу облысының прокуратурасы мәлімдеді.

Прокуратура дерегіне сүйенсек, сот үкімімен 33 жастағы қала тұрғыны өз анасына дене жарақатын келтіру фактісі бойынша 10 күнге қамауға алынды. Оның іс-әрекеті ҚР ҚК-нің (Ұрып-соғу) 109-1-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды.
Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер мен толықтыруларға сәйкес бұл бап әкімшілік құқық бұзушылықтар санатынан қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына ауыстырылып, жазаны қатайтуға мүмкіндік берді.
- Жәбірленуші сотта отбасылық жанжал кезінде ұлының оны бірнеше рет ұрғанын айтты, - делінген Жетісу облысының прокуратурасы таратқан мәліметте.
Статистикаға сәйкес, 2024 жылы ҚР ҚК-нің 109-1-бабына сәйкес 161 адам, ал 2025 жылдың өткен мерзімінде 31 адам жауапқа тартылған. Облыс прокуратурасы азаматтарды осындай жағдайға тап болса, немқұрайлы қарамай, полицияға міндетті түрде хабарлауға шақырады.
Еске салайық, осыған дейін Талдықорғанда кәсіпкерді өлтіріп, көлігімен бірге өртеп жіберген адамға сот үкімі шыққанын жазғанбыз.