Талдықорғанда әскери қызметшілер 102 жасқа толған майдангерді құттықтады

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорғанда Жетісу гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері соғыс ардагері Ысқақ Әбілпейісұлы Құсайыновты 102 жасқа толған туған күнімен құттықтады.

Талдықорғанда әскери қызметшілер 102 жасқа толған майдангерді құттықтады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Олар ардагерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстап, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын ұсынып, ерекше құрмет пен ізгі тілектерін жеткізді. Мерекелік дастарқан басында ақсақал өзіне көрсетілген құрмет пен ықыласқа ризашылығын білдіріп, баршаға бейбіт өмір, молшылық пен береке тілеп, ақ батасын берді.

Ысқақ Әбілпейісұлы Құсайынов 1924 жылғы 14 қаңтарда Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскерге шақырылып, Қиыр Шығыс майданының Амур әскери флотилиясы құрамында қызмет етті. Ақсақал ерлігі мен еңбектегі қажыр-қайраты үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Тынық мұхиты флотының ардагері», «Жуков», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен және «Әскери-теңіз флотының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

1947 жылы әскер қатарынан босатылған Ысқақ Құсайынов педагогикалық училищені тәмамдап, ұстаздық қызмет атқарды. Ол шағын құрамды мектептердің бастауыш сынып оқушыларын оқыту әдістемесіне арналған оқу құралын әзірлеп, оны жарыққа шығарды. Жұбайы Бәкіш Азбекқызымен бірге екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отыр.

Бұдан бұрын Алматыда әскери қызметшілер 103 жасқа толған майдангерді туған күнімен құттықтағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар