Талдықорғанда бір күнде 8 құқық бұзушы ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісулық полицейлер жарты тәулік ішінде қоғамдық тәртіпті бұзған 8 адамды анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар мас күйінде болып, қоғамдық орындарда өтіп бара жатқан адамдарға тіл тигізіп, арандатушылық әрекеттер жасап, қоғамға жат мінез-құлық танытқан.
— Жедел басқару орталығы — қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құрылымдардың бірі. Тәулік бойы жүргізілетін бейнемониторинг, патрульдік полиция жасақтарына жедел ақпарат жолдау және жедел әрекет ету құқық бұзушылықтардың алдын алып, олардың ауыр салдарға ұласуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Бақылау жүйесі қаланың орталық көшелерін ғана емес, тұрғын алаптарды да толық қамтиды, — делінген ақпаратта.
Орталық операторлары мен патрульдік полиция қызметкерлерінің үйлесімді, әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде құқық бұзушылар дер кезінде анықталып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
— Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындарда тәртіп талаптарын сақтауға шақырады. Спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану және агрессивті мінез-құлық құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, — деп қосты агенттік.
Айта кетейік, Талдықорғанда қылмыстық топ адамдарға психологиялық қысым жасап, ақша талап еткен.