Талдықорғанда детектив шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды
Талдықорғанда жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған детектив шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Kazinform.

Биыл алтыншы рет өткен байқаудың қорытындысы туралы ұйымдастырушы, «ZAN Media Corporation» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев әңгімелеп берді.

«Байқау көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы, драматург, журналист, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған. Үміткерлердің конкурс талаптарына сәйкес келетін жұмыстары республикалық «Заң газеті» және «Юридическая газета» басылымдарында жарияланады. Комиссия конкурстық жұмыстарды электронды түрде қабылдап, zanmedia.kz сайтына «Детектив» айдарымен жіберілді», - деді Досымбек Өтеғалиев.
Қазылар алқасының шешімімен биылғы байқаудың бас жүлдесі жазушы Серік Сарыбаевтың «Жас манеж» шығармасына берілді. Жеңімпазға 1,5 миллион теңге ақшалай сыйақы берілді.

Сондай-ақ Қанат Әбілқайырдың «Қара мысық» туындысы бірінші орын алып, 1 миллион теңгені еншіледі. Екі екінші орынды Тұрақ Әдісұлы «Банды қуған Хамит» шығармасы және Әдина Жүсіп «Жылайтын үй» шығармасымен бөлісіп, 750 мың теңге жүлдеге ие болды. Үш 3-орынды Ырысбек Дәбей, Сайлау Төлеуов және Аршын Нұрбақыт иеленіп, әрқайсысына 500 мың теңгеден берілді. Сондай-ақ алты қатысушы ынталандыру сыйақысына ие болды.