Талдықорғанда экс-сүйіктісін бауыздамақ болған ер адамның соты басталды

сот
Фото: Pexels

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорғанда бұрынғы сүйіктісін өлтіруге оқталды деп айыпталған ер адамға қатысты сот процесі басталды. Іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұзақылық және бұзақылық ниетпен кісі өлтіруге оқталу бойынша жүріп жатыр.

Айта кетейік, оқиға былтыр қазан айында қаладағы сұлулық салондарының бірінде болған. Жетісулық жігіт 28 жастағы бойжеткенді соққыға жығып, кеңсе пышағымен тамағын кеспек болған. Қыздың жан-айқайын естіген көрші ғимараттағы әйел оқиға орнына бірден жетеді. Айыпталушы оған да қол көтеріп, артынша мекемеден шығып кеткен. Оның әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалады. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген қызға «жарақаттан кейінгі париетальды, оң жақтағы ішкі мойын тамырының неокклюзиялық тромбозы, жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы, терісінің жұмсақ тіндерінің көгеруі» деген диагноз қойылып, шұғыл түрде хирургиялық бөлімге жатқызылды.

Жәбірленушінің айтуынша, ол бұған дейін де бұл жігіттен таяқ жеп келген. Процесс барысында ол соттан максималды жаза тағайындауды сұрады.

«Жәбірленуші тарап, яғни менің қорғауымдағы азаматша соттан қатаң жаза сұрап жатыр. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі және де 293-баптың 3-бөлігі бойынша» — деді жәбірленушінің адвокаты.

Десе де, күдікті өз кінәсін толық мойындамады. Осыған байланысты сот отырысы кейінге қалдырылды.

«Аталған іс бойынша бүгін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сот отырысы өтті. Жәбірленуші мен куәгерлерден, айыпталушыдан жауап алынды. Келесі сот отырысы 5 сәуірде өтеді», — деді Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы Мәулен Ержанов.

Соңғы жаңалықтар