Талдықорғанда есірткі сату арнасы әшкереленді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорғанда есірткі сату арнасы әшкереленіп, 5 келіден астам гашиш тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі затының заңсыз айналымын тоқтатуға бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Операция барысында Еркін ауылында есірткіні заңсыз сақтау және сату күдігімен Талдықорған қаласының 62 жастағы тұрғыны ұсталды. Тергеу әрекеттері шеңберінде полицейлер бақылау жүргізіп, күдіктіден жалпы салмағы 5 грамнан асатын гашиш есірткі затын сатып алынды.
Тінту кезінде оның тұрғылықты мекенжайынан жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған 6 полиэтилен пакет тәркіленді. Сонымен қатар ауладағы сарайдан скотчпен оралған үлкен қара пакет табылып, ішінде жалпы салмағы 5 келіден асатын, өзіне тән иісі бар, алдын ала болжам бойынша гашиш есірткі заты анықталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, барлық мән-жайлар анықталып жатыр.
Күдіктіге қатысты сот шешімімен денсаулық жағдайына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
— Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес — полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Есірткі сақтау мен таратудың кез келген дерегі қатаң түрде тоқтатылып, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады, — деп атап өтті Жетісу облысы полиция департаментінде.
ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Бұған дейін Түркістан облысында екі айда 7 келіден астам есірткі тәркіленгені туралы жазған болатынбыз.