Талдықорғанда тегістегіш болат шар өндіретін зауыт салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорғанда Чили компаниясы тегістегіш болат шар өндіретін зауыт салады. Жаңа кәсіпорынның іргетасын қалау келесі жылға жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов шетелдік инвесторлармен өткен кездесуде ірі инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары келісімшартқа қол қойылған сәттен жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
- Инвестициялық жобалар – экономиканың ең маңызды драйвері. Жетісу облысында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Негізгі құжаттарға қол қойылып, бірнеше кездесу өткізілгеннен кейін біз өз тарапымыздан болашақ зауытты орналастыру үшін «Талдықорған» индустриалды аймағынан жер телімін дайындадық. Облыс басшылығы атынан қолданыстағы заңнама аясында инвестжобаға барынша қолдау көрсетілетінін айтқым келеді. Бұл жоба өңір экономикасына мультипликативті әсер беріп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді, – деді Ә. Қанағатов.
Ол сондай-ақ жобаны іске асыру мерзімдері мен құрылыс жұмыстарының алдын ала кестесіне қатысты бірқатар нақты мәселелерді алға тартты.
«ME Elecmetal» компаниясының бас директоры Эухенио Артеага атап өткендей, Жетісу облысы стратегиялық тұрғыдан қолайлы географиялық орналасуға ие, қажетті логистика мен энергетика саласындағы ресурстарға бай, бұл дайын өнімді табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Біздің жоба металлургия саласын дамытуға бағытталған. Өнім ішкі нарықта да, Орталық Азия елдеріне де экспортқа жіберілетін болады. Барлық ұйымдастыру мәселесі шешілгеннен кейін келер жылдың наурыз айында болашақ зауыттың іргетасын қалауды жоспарлап отырмыз, – дейді компания директоры.
Сондай-ақ жобаны іске асырудың негізгі кезеңдері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Кездесу соңында қос тарап жобаға қатысты барлық ағымдағы мәселелерді талқылап, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы келісті.
Айта кетейік, жуырда Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев инвесторлардың құқығын қорғау архитектурасы күшейтілетіні туралы айтқан болатын.