Талдықорғанда тұрғындар үй ауласында жеке ғимарат салуға қарсы шықты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Талдықорған қаласындағы «Бірлік» шағын ауданының тұрғындары үйлерінің ауласында салына бастаған құрылысқа қарсы шықты. Олар бұл ғимарат салынса, үйге кіріп-шығатын жол жабылады деп дабыл қағып отыр.

Балапанов көшесіндегі тұрғын үй 2019 жылы салынған. Мамандардың айтуынша, сәулет-құрылыс талаптары бойынша, үйдің екі жағынан да 3 метрден орын қалуы керек. Алайда, тұрғын үй дүкен, дәмхана сынды нысандардың қақ ортасында қалған. Аулаға жедел жәрдем сынды үлкен көліктері кіре алмайды.

«Ауламызға кіретін, ауламызда тыныстайтын жер жоқ. Өрт сөндіру көліктері кіре алмайды. Мына құрылысты салса, жағдайымыз не болмақ? Біздің жанайқаймызды неге ешкім тыңдамайды? Бармаған жеріміз жоқ, біздің үнімізді неге естімейді?» - дейді үйдің тұрғыны Марал Тоқсанбаева.
«Бір аяғым төрде, бір аяғым көрде. Қандай бір жағдай болса, табыт қоятын орын жоқ, жердің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен, міне жан-жағымыз түгел қоршалған. Бұл не деген сұмдық?» - дейді Сайлаубай Мейіров.
«Біз бұл құрылысқа қарсымыз, құрылысты тоқтатсын», - дейді Гүлнәр Басанова.

Ал жеке кәсіпкер бұл аумаққа 5 қабатты ғимарат салып, 1-қабатынан медициналық орталық ашпақ. Ол жаңа нысан құрылысын бір жылдың ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.
«Бұл жерді былтыр алғанбыз, құрылыс жүргізуге рұқсат қағаздарымыз бар, сондықтан тұрғындар талабын орындай алмаймыз», - дейді «Еңбек қазына» компаниясының өкілі Қуаныш Қадыров.
Шенеуніктердің айтуынша, олқылық жобалау жұмыстары кезінде кеткен. Қала әкімінің орынбасары кәсіпкер әзірге тұрғын үй маңындағы жерді жалға алып отырғанын, құрылысты аяқтаған соң мемлекеттен жерді сатып алуға құқылы екенін айтты.
«Кезінде, осы тұрғын үй алабын жоспарлаған кезде, жоспарлауда қателіктер жіберілген. Біз оны білеміз, осы дүниені жоспарлаған азаматтар бүгінгі таңда қала басшылығының қызметінде жоқ. Құрылыс обектісін жүргізіп жатқан тұлғамен мәселені қарастыратын боламыз. Өйткені, азаматтардың талабы құрылыс нысанын тоқтату болып тұр, бұл мәселені жеке талқылауымыз керек», - дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласындағы «Abay 130» тұрғын үй кешенінің тұрғындарының үй жанында жапсарлай салына бастаған құрылысқа қарсылығы туралы жазғанбыз.
Айбек Құттыбек