Талдықорғанда ұлттық нақыштағы 36 жаңа аялдама орнатылады

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Облыс орталығына биыл ұлттық нақышта 36 аялдама орнату жоспарланып отыр. 1 аялдама кешенінің құны - 8 млн теңгеге жуық. 

смарт аялдама
Фото: Талдықорған қаласының әкімдігі

Талдықорған қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қалада жалпы саны 282 аялдама бар. Оның 21-і — заманауи үлгіде салынған смарт аялдамалар.

2018 жылы қолданысқа берілген олардың басым бөлігі панасыздардың мекеніне айналып, әйнегі шағылып, есігі жабылып қалған еді. Адам көргісіз жағдайға жеткен аялдамаларды әкімдік 5 жылға сенімгерлік басқаруға беріп, қалпына келтіру жұмыстары өткен жылдың күзінде басталған болатын. Биыл толық аяқталады деп отыр. Қала орталығынан шеткері тұратын тұрғындардың бір мәселесі осы желде ық, жауында пана болар аялдама еді.

— Талдықорған қаласына 2025 жылы 36 аялдама орнату жоспарланып отыр. Жалпы құны — 281 млн теңге. Оның 100 млн. теңгесі бөлінді. Аялдаманың өзі басы ғана 2 млнға жуық тұрады. Жалпы 1 аялдама кешенінің құрылысы — 8 млн жуық. Оның ішіне автобустың кіру жиегі, абаттандырылуы, қоқыс жәшігі т. б. кіреді. Осылайша аялдамалардың жалпы саны 318-ге жетеді, - деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының бөлімінен.

смарт аялдама
Фото: Талдықорған қаласының әкімдігі

Жаңа аялдамалар ұлттық нақышта болады. Қала орталығынан бөлек солтүстік-батыс тұрғын үй алабындағы Әлімжанов көшесіне, батыс тұрғын ауданының Арайлы, Беріктас, Қызылқайың, Ғалымдар көшесіне және шығыс шағын ауданы мен Балауса тұрғын үй алабына орнатылады деп жоспарланған. 

Еске салайық осыған дейін биыл Талдықорғанда қандай жолдардың жөнделетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар