Талдықорғанда волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының төртінші туры басталады

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында бүгін волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының төртінші туры басталады.

Волейбол: «Тұран» қатарынан бес кездесуін жеңіспен түйіндеді
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Үш турдан кейін турнир кестесінде «Жетісу» клубы 58 ұпаймен жеке-дара көш бастап келеді.

Талдықорғандықтар өз алаңында ұпай қорын толықтыруға тырысатыны анық.

Екінші орындағы өскемендік «Берелдің» «Жетісудан» үш-ақ ұпайы кем. Алғашқы екі орынды иеленген командалар бірден жартылай финалға жолдама алады. Бұған «Жетісу» мен «Берелден» басқасының қол жеткізуі екіталай. Дегенмен төртінші турдың алғашқы күні-ақ қос орталық кездесу өтеді. Өскемендіктер үшінші сатыдағы «Қуанышпен» (СҚО) шеберлік байқасса, талдықорғандықтар өткен жылғы ел чемпионы «Тұранды» (Түркістан) сынап көреді.

Сондай-ақ сәрсенбі күні «Грация KZ» - «Ақтөбе», «Ертіс» - «Алматы», «Ару-Астана» - «Қарағанды» командалары өзара кездеседі.

Клубтар осы турда плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігу үшін барын салады. Небәрі 2 ұпайы бар 10-орындағы «Ертістің» одан үмітін үзгені анық. Ал 8-сатыға 14 ұпайы бар «Ару-Астана» мен «Грация KZ» (11 ұпай) таласатын болар. Бұл екі клубтың 9 ақпанда өтетін өзара бәсекесінде біраз мәселе шешіліп қалуы ықтимал.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын соңғы тур алдында «Қуаныштың» үздік үштікті түйіндеп тұрғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар