Волейбол: Соңғы тур алдында «Қуаныш» командасы үздік үштікті түйіндеп тұр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары аяқталды.

"Қуаныш" волейбол командасы
Фото: instagram.com/vckuanysh

«Қуаныш» командасы (СҚО) өз алаңында өткен турда көш басындағы «Жетісуға» (Талдықорған) ғана 1:3 есебімен есе жіберді.

Азамат Есімовтің шәкірттері қалған кездесулерін жеңіспен аяқтады. Оларға соңғы ойында Павлодардың «Ертісін» ұту қиынға түскен жоқ — 3:0 (25:17, 25:10, 25:12).
Осылайша, «Қуаныш» тур қорытындысында 49 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Талдықорғандықтар 58 ұпаймен көш басына шықса, «Берел» (Өскемен) екінші орынға тұрақтады.

Өткен жылғы ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) төртінші сатыға табан тіреді.

Қазақстан чемпионатының төртінші, соңғы туры наурыз айында Талдықорған қаласында өтеді. 

Осыған дейін он матч қатарынан жеңіске жеткен «Жетісу» өз алаңында ешкімге есе жібермеуге тырысатыны анық.

Үздік сегіздікке іліккен командалар плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Тұран» командасының үшінші турды төртінші орынмен аяқтағанын жазған едік.

Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» көш бастады.

Соңғы жаңалықтар