Талдықорғандағы бейімдеу орталығында 7 жасар баланың денесінен үтіктің ізі анықталған

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 2017 жылғы баланың денесіне үтік басылғаны туралы құзырлы органға шағым түсіп, полицейлер тергеуді бастады. 

Талдықорғандағы бейімдеу орталығында  7 жасар баланың денесінен үтіктің ізі анықталған
Фото: Айбек Құттыбек

Поляниндер отбасының қос перзентін орталыққа 18 маусым күні Талдықорған қалалық білім бөлімі қызметкерлері апарған. Аналары қайтыс болғаннан кейін 14 тамызда оларды туыстары алып қайтқан. Әкесі сол кезде 7 жастағы баласының сол иығынан үтік ізін байқағандарын айтады.

«Оқиға түстен кейін тыныштық уақытында болғанға ұқсайды. Роман ұйықтамай қойған болуы керек, жанындағы бөлмеден үлкен қызым дауысын естіпті. Содан тәрбиеші ашуланып, осылай жазалаған. Бұл – жазатайым оқиға емес. Келіншегім ұзақ ауырды, содан балаларымыз сол орталыққа түсті. Жақында жұбайым қайтыс болып кетті, енді балаларды әжесі екеуміз қараймыз», - дейді Роман Полянин. 

Полянин
Фото: Айбек Құттыбек

Айтуынша, қазір жеткіншектің денсаулығы қалыпты. Күйген тері жазылып қалған. Ал, күдікке ілінген тәрбиеші осы жағдайдан кейін өз еркімен жұмыстан кеткен. Бейімдеу орталығының басшысы бұл жазатайым оқиға кенін айтады.

Жетісу облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Ерлан Сансызбаев
Фото: Айбек Құттыбек

«Қасақана жасалған дүние емес. Балалардың ойнайтын бөлмесіндегі үстелдердің жан жағына лента жабыстырып, соның сыртынан үтікпен қыздырған, қыздырмаса ол ұстамайды. Тәрбиеші үтікті ұстап кетіп бара жатқан кезде бір бала басына жамылғы жамылып жатқанын көреді. Тұншығып қала ма деп кірген. Сол кезде артқы жағындағы бала тұрып қалғанда, яғни абайсызда сондай жағдай болған», - деді Жетісу облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Ерлан Сансызбаев. 

Жетісу облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы
Фото: Айбек Құттыбек

Алайда, полиция аталған дерекке қатысты тергеу жұмыстарын бастап кетті. 

«Қазіргі уақытта бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды және тергеу басталды. Орталық қызметкерлерінен түсініктемелер алынды. Мекеме басшылығы баланың терісі күйгенін жазатайым оқиға деп мәлімдейді. Алайда, айыптаулардың ауырлығын ескере отырып, полиция департаменті қосымша сараптамаларды, соның ішінде сот-медициналық сараптаманы тағайындады», - деді Жетісу облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Халықова.

Соңғы жаңалықтар