Талдықорғандағы Тасбақа тауы тарихи-мәдени мұралар тізіміне енгізілді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорған қаласы аумағында орналасқан Тасбақа тауы археологиялық кешені ресми түрде қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілді. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлайды.
Аталған аумақ – ерекше археологиялық маңызы бар кешен. Зерттеушілердің дерегіне сәйкес, оның аумағында сақ дәуіріне жататын 25 мыңнан астам петроглиф шоғырланған. Сонымен қатар мұнда сақ қорғандары, көне қоныстардың орындары мен культтік нысандардың іздері анықталған. Осы бірегей тарихи-мәдени ескерткішті сақтап қалу жолындағы күрес туралы қоғам белсендісі Динара Бәкірова баяндады.
Оның айтуынша, Тасбақа тауына қорғау мәртебесін беру ісінде қоғам өкілдерінің, ғалымдардың және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен әрекеті, сондай-ақ нысанды заңды тұрғыда бекіту бағытындағы жүйелі жұмыс шешуші рөл атқарған.

Бұл күрестің бастау алғанына бірнеше жыл болды. 2019 жылы Динара Бәкірова таныстарын Тасбақа тауына алып келген кезде, аумақтағы жағдайдың алаңдатарлық екенін байқайды. Сол уақытта тау маңындағы 32 сақ қорғанының толықтай жойылып, жермен-жексен болғаны анықталған. Кейінірек бұл аумақта диорит өндіру жұмыстары жүргізіліп, ауыр техника қолданылғаны, тау беткейлерінде карьерлер қазылғаны белгілі болды.
Осыны өз көзімен көрген белсенді бірден дабыл қағып, тарихи мұраны сақтап қалу үшін тиісті органдарға жүгіне бастаған. Алайда облыстық әкімдікке жолданған өтініштер нақты нәтиже бермеген. Ресми жауаптарда бұл аумақта «апаттық археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгені» және жойылған қорғандардың тарихи құндылығы жоқ екені көрсетілген. Президент Әкімшілігіне жолданған өтініш те өңірлік деңгейге қайта бағытталған.
Уақыт өте келе жағдай күрделене түсті. 2021 жылы Тасбақа тауына кезекті сапар кезінде белсенділер жарылыс жұмыстарын өз көздерімен көрген. Динара Бәкірованың айтуынша, жарылыс адамдар тау үстінде тұрған сәтте жүргізілген. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда кең резонанс тудырды.

Бұл мәселеге жергілікті тұрғындар, саяжай иелері мен блогерлер белсенді түрде үн қосты. Адамдар тарихи мұраның жойылуымен қатар, өз қауіпсіздігіне де алаңдады. Себебі діріл салдарынан ескі үйлердің бүліну қаупі болған.
Осы кезеңде жер қойнауын пайдаланушы компания барлық рұқсат құжаттарының бар екенін және жүргізілген археологиялық сараптама нысанның тарихи маңызы жоқ екенін көрсеткенін мәлімдеген. Алайда Бас прокуратураға жолданған шағымнан кейін жұмыстар уақытша тоқтатылып, материалдар табиғат қорғау прокуратурасына берілді. Сол кезде Тасбақа тауы аумағындағы петроглифтердің мемлекеттік тізілімге енгізілмегені, паспорттары жоқ екені және құқықтық алаңда ресми тіркелмегені анықталды.
Пайдалы қазбаларды өндіруді түбегейлі тоқтату үшін ең алдымен тарихи нысандардың бар екенін ресми түрде дәлелдеу қажет болды. 2023 жылдың наурыз айында белсенділер «Петроглиф іздеушілер» қорына жүгінді. Жұмысты бастау үшін кемінде 50 нысанның фотодәлелі талап етілді. Қажетті материалдар жиналып, мамандарға тапсырылған соң, аумаққа сарапшылар тобы шықты.

Қоғамдық резонансқа қарамастан, сот процестері белгілі бір уақытқа дейін жалғаса берді. Жер қойнауын пайдаланушының лицензиясы мен археологиялық сараптамасы сақталып, ол жарылыс жұмыстарын жүргізуге негіз болып қалды.
2024 жылы жарылыс жұмыстарын қайта бастау жоспарланғаны белгілі болған соң, белсенділер Мәжіліс депутаты Сергей Пономаревке жүгінді. Ол депутаттық сауал жолдап, тарихи-мәдени мұраның жойылуы мен вандализм фактілері туралы ашық мәлімдеме жасады.
Мәселе 2024 жылғы наурызда өткен үшінші Ұлттық құрылтайдан кейін түбегейлі өзгерді. Құрылтайда археологиялық ескерткіштерді сақтау мәселесі, соның ішінде Жетісу өңіріндегі Тасбақа тауы мен Ешкіөлмес нысандары ең жоғары мемлекеттік деңгейде көтерілді.
Көпжылдық күрестің нәтижесінде археологиялық кешенді паспортизациялау жұмыстарына 10 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда шамамен 6 600 нысан – петроглифтер, көне тұрақтар мен сақ дәуірінің ескерткіштері ресми түрде тіркелді. Мамандардың бағалауынша, олардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Қазір белсенділер тек қорғау мәселесімен ғана шектелмей, аумақты кешенді дамыту жолдарын да қарастырып отыр. Негізгі бастамалардың бірі – геопарк құру. Бұл табиғи және тарихи-мәдени мұраны біртұтас қорғауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға, экотуризм мен ағартушылық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Динара Бәкірова үшін бұл тарихтағы ең маңыздысы – өңір мұрасына ортақ жауапкершілікті сезіну.
Бүгінде Тасбақа тауы ресми түрде қорғалатын нысан мәртебесіне ие болды. Алайда белсенділер бұл тек алғашқы қадам екенін атап өтеді. Алдағы басты міндет – осындай жағдайлардың қайталануына жол бермей, Жетісу өңірінің бірегей тарихи-мәдени мұрасын жүйелі әрі тұрақты қорғау.
Айта кетейік, елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау саласында қандай жұмыс атқарылып жатқанын мынау сілтемеден оқи аласыз.