Талдықорғандық кәсіпкерлер сауда үйлері маңын абаттандыруға неге қарсы

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Талдықорған қаласында бір топ кәсіпкер сауда үйлері орналасқан көшеге құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсылық білдірді. Әкімдіктегілер жобаның маңызды екенін және ұсыныстар қабылданатынын айтып отыр.

Кәсіпкерлер құрылысқа қарсы
Фото: Айбек Құттыбек

Қала орталығындағы Біржан сал көшесі мен Гауһар ана көшесінің қиылысынан төмен қарай ірілі-ұсақты 20-дан астам сауда үйі бар. Азық-түліктен бастап тұрмыстық, құрылыс заттар мен жиһазға дейін сатылатын сол нысандардың алдына қалалық әкімдік көктемде абаттандыру жұмыстарын жүргізбек. Ал саудамен табыс тауып отырған жандар мұнымен келіспейді. Айтуларынша, жаңа құрылыс жүрсе, тұтынушылар болмай, кәсіптері тоқтап қалады.

Талдықорғандық кәсіпкерлер сауда үйлері маңын абаттандыруға неге қарсы
Фото: Айбек Құттыбек

- Бізге ешқандай арбат салып, көшемізді жөндеудің қажеті жоқ. Қаншама жыл бұрын құрылыс жүрді. Содан бері көшеміз де, жаяу жүрегіншілер жүретін жолымыз да жақсы. Құрманов пен Гауһар анаға дейін әр сауда үйінің жұмысшылары өзіне тиесілі жерді тазалап кетеді. Енді құрылыс жүрсе барлық сауда үйі уақытша болса да жабылады. Біздің төлейтін салығымыз бар, күнделікті саудамыз, сатушыларымыздың ақшасы бар оны біз қайдан шығарып береміз? Біздің талабымыз көшемізге тиіспесін, - деді кәсіпкер Салтанат Жанжігітова.

Талдықорғандық кәсіпкерлер сауда үйлері маңын абаттандыруға неге қарсы
Фото: Айбек Құттыбек

Базар маңы болған соң мұнда көлік тұрағы да үлкен мәселе. Тар көшеге тауар артқан жүк көліктерінің де кіріп-шығуы қиын. Кәсіпкерлер жоба бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, жол тарылып, келушілердің жүріп-тұруына кедергі болатынын онда сауда-саттықтарының тоқтайтынын айтады.

- Бұл құрылыс - сауда үйінің иесіне де, оны жалға алып отырғандарға да қиындық туғызайын деп тұр. Екіншіден сауда жасайтын адамдардың келуіне де кедергі жасайды. Осыншама ақша шығарып сауда үйлерін неге салдық? Елдер мұнда еріккеннен жүрген жоқ. Басында айтылуы керек еді. Осында 50-60 сауда үйі бар, - деді кәсіпкер Гүлнар Керімбекова.

Талдықорғандық кәсіпкерлер сауда үйлері маңын абаттандыруға неге қарсы
Фото: Айбек Құттыбек

Көшеге шығып мәселелерін көтерген кәсіпкерлердің шағымын қалалық әкімдік өкілдері келіп тыңдап, жобаны таныстырды.

Талдықорғандық кәсіпкерлер сауда үйлері маңын абаттандыруға неге қарсы
Фото: Айбек Құттыбек

- Негізі бұл кісілер дұрыс түсіну керек біз ешқандай зиян келтіріп жатқан жоқпыз. Абаттандыру жұмыстары жасалады, әр сауда үйінің алдында көлік тұрақтары болады. Яғни автокөлік, ауыр жүк көлігі болсын кіре алатындай, тұра алатындай мүмкіншілік болады. Бұл жабық арбат емес. Қазіргі таңда жоба сараптаманың оң қортындысын алды. Оған дейін әкімшілік тарапынан қоғамдық тыңдаулар өткіздік. Жоба құны шамамен 1,5 млрд теңге. Қазір құрылысқа 500 млн бөлінді. Құрылыс жұмыстары болжам бойынша биыл сәуір айынан басталады. Біздің мамандар барып қайтты. Саудагерлер өздерінің ұсыныстарын бізге жазбаша түрде берсе болады. Құрылыс басталғанда жобаға өзгерістер енгізуді қарастырамыз, - деді Талдықорған қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков. 

Айта кетейік, жоба іске асса Біржан Сал көшесі бойына жаяу жүргіншілер жолы, жарық шамдары, орындықтар, көгалдандыру, арық желісі, автоматты суғару жүйесі, көлік тұрақтары және қоқыс орындары жасалады. Еске салайық осыған дейін Талдықорғанда «Айгөлек» балабақшасында болған жағдайға қатысты тексеру басталғанын жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар