Талдықорған полицейлері кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында болып қайтты
Талдықорған қаласының ІІБ учаскелік инспекторлары Алматы облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында болып, балаларды мерекелерімен құттықтап, сыйлықтар таратты.
Қалалық ІІБ әкімшілік полиция бастығы Нұрлан Разимовтың айтуына қарағанда, қазір орталықта 21 бала бар. Олардың кейбірінің ата-анасы қайтыс болса, кейбірінен туысқандары бас тартқан. Ал кейбірі үйлерінен қашып кеткен. Барлық балаларға полицейлер түрлі сыйлықтар беріп, балмұздақ пен тәттілер ұсынды.
Сондай-ақ қаладағы орталық саябақта кішкентай талдықорғандықтарға арналған спорттық шаралар мен көрмелер ұйымдастырылды. Балалар «Жас жұлдыздар әуені» бағдарламасына қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Шараға қатысушылардың барлығы да демеушілердің сыйлықтарына ие болды.
Облыс орталығының әкімі Ермек Алпысов балалар мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтады. «Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Балалық шақ - есімізде мәңгілікке жарқын бейнелерімен қалатын ең бақытты шақ. Бүлдіршіндеріміздің балалық шағы ұмытылмастай болып естерінде қалуы біздерге, үлкендерге байланысты. Сондықтан біздер балаларымыздың денсаулығы мықты болып, сапалы білім алып өсуіне ат салысуымыз қажет», - деді ол.
Шара барысында қалалық әкімшілік әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы отбасының балаларына, сондай-ақ оқу озаттарына циркке 500 билет сыйға берді.