Талдықорған түрмесінде көз жұмған ер адам есірткіге тұншығып қалған екен

ҚАЖ департаменті басшысысының орынбасары Ернат Ақылжановтың айтуынша, бейсенбі соттық-химиялық сараптама жасалып, ер адамның жұтып қойған орамасында 3 граммдай марихуана болғаны анықталды.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың 8 қазанында тергеу уақытында уақытша қамауда отырған ер адамға қоғамдық қорғаушы кездесу кезінде айласын тауып, целлофанға оралған белгісіз зат беріп жіберді.
Тексеру кезінде ҚАЖ қызметкері табылған түйіндінің не екенін сұрағанда ер адам жауап беруден бас тартып, ораманы жұтып қойған болатын. Салдарынан көзді ашып жұмғанша әлгі ер адам тұншығып, сол жерде жан тапсырды.
Жазатайым оқиғаға себеп болған қоғамдық қорғаушымен қазір тергеушілер жұмыс жасауда. Ол есірткі салынған ораманы марқұмға өзі бергенін мойындады.
Аталған факті бойынша тергеу жалғастырылуда.