22:43, 02 Маусым 2015 | GMT +5
Талдықорғанда 846 түлек ҰБТ тапсырады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ертең талдықорғандық 25 мектептің түлектері ҰБТ тапсыруды бастайды. Тестілеу 3, 5 және 7 маусым күндері Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің бас корпусында өтеді.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жөкелдің атап өтуінше, биылғы жылы мектепті 1201 түлек бітіреді, олардың ішінен 846 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға тілек білдірді.
- ҰБТ тапсыратын аталған түлектер санының ішінде 661 оқушы тестілеуді қазақ тілінде, 185-і - орыс тілінде тапсырады. Сондай-ақ 66 түлек халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері екендігін атап өткен жөн, тиісінше олар тестілеуден босатылады, - деді Ғалыммұрат Жөкел.
Еске сала кетейік, өткен жылы 787 түлек ҰБТ тапсырған болатын, тестілеу бойынша орташа балл көрсеткіші 77,0-ді құрады.