Талдықорғанда ҚР көлік және коммуникация вице-министрі А. Дүйсебаев жолаушылар тасымалын атқаратын автобустарды лицензиялау мәселелеріне байланысты отырыс өткізді
Отырысқа көліктік бақылау комитеті, Алматы облысы әкімдігі, «Атамекен Одағы» ҚҰЭП өкілдері мен тасымалдаушылар қауымдастықтары, сонымен қатар, тахографпен жабдықтау бойынша қызмет көрсету орталықтарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда тасымал үдерісінің қауіпсіздігі ең көкейтесті мәселенің біріне айналып отыр. Еліміздегі тас жолдарда көлік апаты азаяр емес. Тіпті жолаушылар автокөліктерінің ірі апаттары тіркелген.
Автобус жүргізушілері пайда табу мақсатында жолаушылар мен жүк тасымалы кезінде белгіленген ережелерді қасақана орындамай, еңбек пен демалыс тәртібін бұзып, жолаушыларды тасымалдауға рұқсат етілетін арнайы медициналық және техникалық тексерістерді өтті деген куәліксіз жолға шыға береді.
2011 жылғы 10 айда Алматы облысы бойынша «Жетісу» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы 1648 жолаушылар автобусын тексерді. Табылған бұзушылықтар бойынша 650-ден аса хаттама толтырылып, 2.5 млн. теңгеге айыппұл төлеттірілді. Сондай-ақ, лицензиялауға байланысты заңнаманың сақталмауына байланысты 99 хаттама толтырылды.
Жолаушылар автобустарының қатысуымен республика аумағында 2011 жылғы 10 айда 260-қа жуық жол көлік апаты тіркелген.
ҚР ККМ Көліктік бақылау Комитеті Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автожол мен Жол полициясы бірлесіп, Алматы қаласынан Талдықорған, Үшарал, Достық қалаларына бағытталған жолаушылар автобустарына тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Отырыстың қорытындысы бойынша вице-министр жолаушылар мен жүк тасымалын ұйымдастыру мәселелері бойынша тапсырмалар берді.