Талдықорғанда «Құнанбай» фильмінің премьерасы болды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Құнанбай» фильмінің премьерасы болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

Оны көпшілікпен бірге өңір басшысы Амандық Баталов та тамашалады.

Аға сұлтандық еткен кездегі ұстанымын, көзқарасын, әрекетін фильмге арқау ете отырып, сол кезеңдегі ел басқару ісінің қиындығы мен жауапкершілігін парасатпен арқалай білген Құнанбай бейнесі көрерменнің көңілінен шықты. Абайдың қазақтың маңдайына біткен ақын әрі хәкім Абай болып қалыптасуында үлкен ықпал еткен айтулы тұлғаның талайлы тағдыры шынайы берілді.

Көрсетілімнен соң сахнаға шыққан Қазақстанның Халық әртісі, фильмнің бас режиссері әрі бас кейіпкерін сомдаған Досхан Жолжақсынов фильмде өзіне серік болған, дем берген облыстық драма театр әртістеріне, үнемі халықтың өнеріне қолдау көретіп жүретін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа және киноны соңына дейін аса ыждаһаттылықпен тамашалаған көпшілік қауымға ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, фильм Шығыс Қазақстан облысының аумағында 1 ай 18 күнде түсіріліпті. Кино дайын болғанына небәрі 5 күн болғанда Талдықорғанда көрсетіліп отыр. Онда еліміздің барлық театрларынан шақырылған мықты деген актерлар шоғыры ойнаған. Соның ішінде Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының әртістері Өмірсерік Қалиев, Кендебай Темірбайұлы, Сағындық Жұмаділов, Серік Нұрхалық та бар екенін атап өту керек.

Облыс басшысы А. Баталов өз кезегінде Досхан Жолжақсынов бастаған шығармашылық ұжымға алғыс айтты.

Соңғы жаңалықтар