Талдықорғанда мәдениет күндерінің қорытындысы шығарылды

Шараға келген қонақтар алдымен қолөнер шеберлері мен ұста-зергерлердің этно-дизайн көрмелерін аралады.
Салтанатты шарада жиналғандарды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтап, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өткізіліп отырған шараның мәніне тоқталды. «Өздеріңізге белгілі, тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, әлемге танытып, беделді де қуатты мемлекетке айналуымыз - Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Тәуелсіз Қазақстанның жиырма үш жылғы жүріп өткен жолы - тарихи кезеңдер мен ұлы бастамаларға толы», - деді А.Баталов. Сондай-ақ, А.Баталов биылғы өткен аудан, қала мәдениет күндері аясында өңірдің атақты перзенттері - Үмбетәлі Кәрібаевтың - 125, І.Жансүгіров пен Тұрар Рысқұловтың - 120, Ораз Жандосовтың - 115, Әбілхан Қастеевтің - 110, Мұсабек Сеңгірбаевтың - 100, Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдық мерейтойлары лайықты аталып өткенін жеткізді. «Рухани құндылық пен жоғары адамгершілік жоқ жерде мәдениет салтанат құрмайды», - деп Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, аудан, қала мәдениет күндері биылғы жылы «Мәңгілік ел» идеясы аясында «Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Елдігіміз жасай берсін мәңгілік» тақырыбында өтті. Осы орайда ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтау, оны дамыту баршамыздың ортақ мақсатымыз, парызымыз. Сондықтан Елбасымыздың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған келер жылғы Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекелерін лайықты өткізуіміз керек. Оған бір кісідей атсалысуға тиіспіз», - деді облыс әкімі Амандық Баталов өзінің құттықтау сөзінде. Шараның негізгі бөлігінде аудан, қалалар мәдениет күндерінің қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Сөйтіп, мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша Бас жүлдені Жамбыл ауданы иеленіп, оларға «УАЗ» автокөлігі табыс етілді. Сонымен қатар, І орын - Кербұлақ (700 мың теңге), ІІ орын - Ақсу (500 мың теңге), ІІІ орын - Райымбек, Қаратал аудандарының (350 мың теңгеден) ақшалай сыйлықтар табысталды. Мереке соңы аудан, қала өнерпаздарының Гала-концертіне ұласты. Айта кететін жайт, 2006 жылдан бері өңірде барлық аудан, қалалардың қатысуымен дәстүрлі мәдениет күндері тұрақты өткізіліп келеді. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 28 қазан - 1 қарашасы аралығында Алматы облысының Жамбыл облысында мәдениет күндері жоғары деңгейде өтті.