12:41, 03 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Талдықорғанда мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен олимпиада болып өтті
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Талдықорғанда мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үздік білетіндердің жыл сайынғы шығармашылық сайысы болып өтті.
«Тілдарын - 2009» олимпиадасының ұйымдастырушысы - облыстық тілдерді дамыту басқармасы.
«Жыл сайын жарысқа қатысушылардың санымен қатар олардың даярлық деңгейлері де, қазылардың деңгейлері де өсе түсуде», - деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Орынбай Шайкенов.
«Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасының аясында өткізіліп отырған олимпиаданың мақсаты - қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас құралы ретінде, ағылшын тілін жаһандық экономикаға табысты бірігу ретінде уағыздау.
Облыстық олимпиадада күрделі тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған талдықорғандық Гүлден Ықыласбаева жеңімпаз атанды. Енді ол Алматы облысының атынан республикалық олимпиадаға қатысады.