15:39, 11 Қазан 2012 | GMT +5
Талдықорғанда тағы бір жасырын ойынхананың қызметі тоқтатылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 11 қазан. ҚазАқпарат - Талдықорғанда Алматы облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ақшалай ұтыс берумен шұғылданып келген астыртын ойын залының қызметін тоқтатты.

Келіп түскен жедел ақпарат заңсыз ойын бизнесін жүргізетін кәсіпкерлердің ізін кесуге көмектесті. Полиция қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген айыппен күдікті ретінде Ескелді ауданының 23 жасар тұрғынын ұстады.
Көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан ойын залынан полицейлер 11 ойын аппаратын тәркіледі. Бұл факті бойынша ҚР ҚК-нің 269 бабы, 1 бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған әкімшіден ешқайда кетпейтіні жайлы қолхат алынды.
Ағымдағы жылдың 9 айында облыстық полицияның күшімен заңсыз 22 ойын мекемесі әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды.