Талдықорғанда тоқтатылған күдікті көлік жүргізушісінің бірнеше ұрлыққа қатысы бары анықталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Талдықорғанда көлікті айдап кеткен күдіктінің бірнеше ұрлыққа қатысы бар болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат polisia.kz телеграм каналына сілтеме жасап.
None

16 ақпан күні облыс орталығында патрульдеу кезінде қарсы алдынан шыққан Audi-80 автокөлігі полиция қызметкерлеріне күдікті болып көрінеді. Шетелдік көліктің мұз басқан алдыңғы әйнегі жүргізушінің көлікке асығыс отырып кеткенін байқатқан. Ол полиция қызметкерлерінің тоқтату талабын елемей, керісінше жасырынуға тырысып, қаша бастайды. Алайда, ер адам ұсталды. Ол бұрын сотталған 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Күдіктінің жақын жерде тұрған Volkswagen көлігінің аккумуляторын ұрлап кеткені белгілі болды. Тергеу барысында облыс орталығындағы асханалар мен дүкендер кассаларынан бірнеше рет ақша ұрлығына қатысқаны анықталды. Сондай-ақ, бұған дейін топтасып зорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2021 жылы түрмеден босатылған.

ҚР ҚК 200-бабы «Айдап кету» және 188-бабы «Ұрлық» бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті УҰИ-ға қамалды.



Соңғы жаңалықтар