Талдықорғанда тұңғыш қазақ тарихшысы Қ. Жалаиридің 485 жылдығына арналған конференция өтті (ФОТО)
Кеше өткен жиында алдымен тарихшы ғалымның ғұмыр дерегі мен қалдырған еңбектеріне қатысты фильм ұсынылды. Қазақтың тұңғыш тарихшысы, қоғам қайраткері, қолбасшы, елші-кеңесші, философ, тарихи публицистиканың негізін қалаушы қаламгер ретінде Қадырғали бабамыздың бет-бейнесі жан-жақты қырынан ашып көрсетілді. Ғалымдар Әлкей Марғұлан, Шоқан Уәлиханов, жазушы Мұхтар Мағауиннің тарихшы туралы терең зерттеулерінен келтірілген деректер фильм мазмұнын аша түсті.
Конференцияны Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов кіріспе сөзімен ашып, өткізіліп отырған шараның мәні мен маңызына тоқталып өтті.
Д. Қонаев университетінің ректоры, Халықаралық Қадырғали би Жалайыр қоғамдық қорының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Шақарапұлы баяндама жасап, Қадырғали бидің түркі әлеміндегі ұлы тарихшы екендігіне қатысты ой-толғамдарын жеткізсе, философия ғылымының докторы, профессор Аманжол Қасабек Қадырғали Жалаиридың дүниетанымы тұрғысында сөз қозғап, оның еңбегінің түпкі мақсаты ретінде «тұрақты қоғам іздеу» идеясына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар өлкетанушы, тарихшы Андрей Березин мен тарихшы Құлтай Нұрқалбайұлы баяндама жасады.