14:57, 06 Қаңтар 2016 | GMT +5
Талдықорғандық мас адам көпқабатты үйде газ баллонын жарамын деп қорқытқан
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қалалық ІІБ-ге Талдықорғанның 26 жастағы тұрғыны мас күйінде көпқабатты үйдің төртінші қабатында орналасқан өз пәтеріне жабылып алып, газ баллонын жарамын деп қорқытып отырғаны жайлы ақпарат келіп түсті.

Оқиға орнына жеткен полицейлер 48 пәтерлі тұрғын үйдің барлық тұрғынын қауіпсіз жерге шығарды. Бұдан әрі азаматпен келіссөздер жүргізілді. Полицейлер өзінің үстіне май құйып, газ баллонының маңында өзін жағып жіберетіні жайлы айтып қорқытқан азаматтың назарын өздеріне аудартқан кезде «Арлан» және «Собр» арнайы құрылымдарының қызметкерлері шатыр арқылы пәтерге кіріп, ер адамды тоқтатты.
Белгілі болғандай, ер адам туыстарымен ұрсысып, пәтердегі газ баллонын жару арқылы өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
Қазір Талдықорған ІІБ тергеушілері аталған факт бойынша сот алдындағы тергеуді жүргізіп жатыр. Ұсталған ер адам жергілікті наркологиялық диспансерге орналастырылды.