Талғар ауданы прокуратура назарында: 10 күнде 20 қылмыс ашылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Талғар ауданында прокуратураның үйлестіруімен полиция басқармасы кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізді. 

Талғар ауданы прокуратура назарында: 10 күнде 20 қылмыс ашылды
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, 10 күн ішінде 1322 әкімшілік құқық бұзу анықталды, 20 қылмыс ашылды, оның 8-і бұрын жасалған қылмыс. Сондай-ақ 2 күдікті ұсталды.

Патрульдік полиция жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 782 хаттама толтырды. 12 автокөлік айыптұраққа қойылып, 25 мемлекеттік нөмір алынды.

Қоғамдық қауіпсіздік бағыты бойынша 540 әкімшілік хаттама толтырылып, 19 адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.

Ал ювеналды полиция тарапынан кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуы және ата-аналардың тәрбиелік міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша 44 хаттама толтырылған. Азаматтық қару иелерін тексеру барысында 5 қару алынып, 5 әкімшілік хаттама рәсімделген.


Сондай-ақ миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін 192 әкімшілік хаттама толтырылып, 15 шетел азаматы елден шығарылды.

— Криминогендік ахуалға жасалған талдау Талғар қаласы, сондай-ақ Тұздыбастау мен Бесағаш ауылдық округтері әлсіз аймақ болып отырғанын көрсетті. Осы аумақтарда, әсіресе түнгі уақытта, патрульдік қызмет күшейтілді, — деп хабарлады прокуратурадан.

Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Бұл оқиғадан кейін Талғардағы жағдай ел назарын аударды.

Биыл қыркүйек айының басында Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында ер адам таныс әйелдің бауырын атып өлтіріп, оның қызын ұрлап кеткен.

Кейін күдікті ұсталып, бала анасымен қауышты.

Бұл оқиға бойынша Алматы облысының прокуратурасы Талғар аудандық полиция басқармасы қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-бөлігі («Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі») бойынша қылмыстық іс қозғады.

Соңғы жаңалықтар