Талғар оқиғасы «тергеу құпиясы» туралы бапты қайта қарау керектігін көрсетті – Абзал Құспан
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Талғар облысындағы қанды оқиғадан ресми ақпарат тарату қаншалықты заң аясына сай жүріп жатқаны туралы пікір білдірді.
«Қылмыстық-процестік кодекстің «201-бабында мынандай бір ерекшелік бар. «Тергеу дерегінің бәрін ашуға болмайды. Прокурор белгілі бір шекте ашуға құқылы», - деп келеді. Ол құқық прокурорға берілген. Яғни, прокурор құпиялықты бұзбау шегінен аспайтындай деңгейде мәліметтерді аша алады. Талғардың видеосына келсек, қоғам шулап кетті, мен өзім де талап еттім. Прокуратура журналистерге, қоғамның сұраныстарына ашық болуы керек. Сондықтан ол прокурордың құзыретіндегі мәселе. Ал тергеу орындары, ішкі істер органдары өз еріктерімен ол мәліметті аша алмайды», - дейді депутат.
Заңгер аталмыш 201-бапты өзгерту керектігін қаңтар оқиғасынан бері айтып келе жатқанын еске салды.
«Қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында бұл мәселе талқыланып жатыр. Қазір біз ішкі істер органдарын да, прокурорларды да «Неге мына ақпаратты бермейсің?», «Неге мына мәліметті толық ашпайсың?» - деп айыптай алмаймыз. Өйткені қолданыстағы 201-бап оларға кедергі. Ал енді біздегі заң ұзақ қаралады ғой. Ол енді шамамен, жобамен келесі жылдары шығады. Біраз процедурасы бар. Негізі ол мәселе актуалды. Талғар оқиғасы аясында да ол мәселені айттым. 201-бапты біз қайта қарауымыз керек», - деді Абзал Құспан.
Депутат озық елдердің тәжірибесінде Қазақстандағыдай қатаң шектеу жоқ екенін айтады.
«Әрине, отбасы құпиясына байланысты болмаса жыныстық сипаттағы қылмыстар бар. Олардың ашуға болмайды. Мемлекетті құпиясы бар істер болады. Міне, сондай шектеулерді қалдырып, қалған істер ақпаратты ашық берген дұрыс. Өйткені, біріншіден, қоғамның талабы осындай болып тұр. Екіншіден, біз басқа дамыған батыс елдерінің, Американың тәжірибесін көріп отырмыз. Ол жерде осындай бір резонансты істер болса, полиция көп жағдайда қызметі ел алдына шығып, оқиғаның мән-жайын журналистерге айтады. Ашықтық деген нәрсе бар. Ал бізде кеңес үкіметінің кезінен қалып қойған моральдік тұрғыда бір ескірген норма жұмыс істеп келеді», - деді Мәжіліс депутаты.
Еске салсақ, кеше Ішкі істер министрлігінің өкілдері Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсеткен еді.