Талғарда нан сататын орынның иесін пышақтап өлтірді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында екі адам арасындағы жанжал кісі өлімімен аяқталды.
Әлеуметтік желіде Талғарда нан сататын орынның иесін 13 рет пышақтап өлтірді деген ақпарат тарады.
Алматы облысының полиция департаменті адам өлтіру дерегін растағанымен, 13 рет пышақ сұғылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Полиция таратқан мәліметінше, қазір кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
— Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 56 жастағы күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ол өз кінәсін толық мойындады. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жәбірленуші мен күдікті арасында келіспеушілік туындаған. Салдарынан күдікті ер адамға екі рет пышақ сұғып алған. Содан кейін оқиға орнынан бой тасалаған, — деп хабарлады департаменттен.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 2024 жылы Талғарда пышақ жарақатынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, ел назарын Талғардағы жағдайға аударған еді.
2025 жылғы 5 маусым күні сот үкімімен 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адам 1,5 жылдан 23 жылға дейін сотталды.