Талғарда жазасын өтеушілерге арналған электронды білезік шығаратын зауыт салынды
«Білезіктерге қатысты айтар болсам, мен осы жерде екінші рет бұл мәселеге байланысты сөз сөйлеп отырмын. Шындығында бұл әлемдік тәжірибе. Бастапқыда біз тек сатып алғымыз келген болатын. Алайда, бұл бюджетке үлкен ауыртпалық түсіреді. Әрине, біз түріктің, ресейлік және израильдік білезіктерді сатып ала алар едік, ұсынды да. Сатып алғаннан кейін оларға кім қызмет көрсетеді? Оны кім тағады? Оны қалай жасайды? Міне осындай мәселелері болды», - деп атап өтті министр депутаттардың сауалына орай.
Оның атап өтінше, екі жыл бойы аталған электронды білезіктерді сатып алуға бюджеттен арнайы қаржы да бөлінген. Бірақ, министрлік 2 жыл бойы оның 1 тиынын да жұмсамаған.
«Одан кейін біз басқа бағдарламамен жүрдік. Қазір Талғарда зауыт салынды. Ол толықтай жапондық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Өнімдерін сіздер көрдіңіздер. Қазір бұл бағдарлама сараптамадан өтіп жатыр. Келесі жылдан мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында ол өз жұмысын бастағаннан кейін өнімдерін бізге беріп, оны пайдалануды бастаймыз. Жалға алғанымыз үшін төлем жасап отырамыз. Меніңше, бұл бюджетті үнемдейді. Мәселен, израильдық өнімді алсақ, бұзылған кезде оларға үнемі жүгінуімізге тура келеді. Ал енді өндіруші дәл қасымызда, солар қызмет көрсететін болады», - деді Қалмұханбет Қасымов.
Фото: МедиаПорт