Экономикалық ғылымдар бойынша Нобель сыйлығы инновациялық экономикалық өсу жолын түсіндірген ғалымдарға берілді

АСТАНА.KAZINFORM — Экономика ғылымдары бойынша 2025 жылғы Нобель сыйлығы инновация мен технологиялық прогрестің қоғамның баюына қалай көмектесетінін түсіндірген ғалымдарға берілді, деп хабарлайды ВВС

Экономикалық ғылымдар бойынша Нобель сыйлығы инновациялық экономикалық өсу жолын түсіндірген ғалымдарға берілді
Фото: x.com/@NobelPrize

Жүлденің жартысы АҚШ-тағы Солтүстік-Батыс университетінің қызметкері Джоэл Мокирге бұйырды. Қалған жартысын Франс колледжінің қызметкері Филипп Агион мен Лондон экономика мектебінің қызметкері Питер Хоуитт бөлісті. Олар инновацияның одан әрі ілгерілеуге қалай серпін беретінін түсіндірді.

— Соңғы екі ғасырда әлем тарихта алғаш рет тұрақты экономикалық өсімнің куәсі болды. Бұл қаншама адамға кедейліктен құтылуға мүмкіндік берді және біздің өркендеуіміздің негізін қалады, — деп түсіндірді Швеция Ғылым академиясы биылғы сыйлықты.

Өткен жылы бұл сыйлық ғалымдар Дарон Асемоглу, Джеймс Робинсон және Саймон Джонсонға берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Нобель апталығы 6 қазанда басталды. Сол күні иммунитет жүйесін зерттеген ғалымдарға физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығы берілді.

7 қазанда Америка Құрама Штаттарының ғалымдарына физика бойынша Нобель сыйлығы берілді.

9 қазанда әдебиет бойынша Нобель сыйлығы венгр жазушысы Ласло Краснахоркайға берілді.

10 қазанда Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы Венесуэла саясаткері Мария Корина Мачадоға «Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын ілгерілету жолындағы тынымсыз қызметі және диктатурадан демократияға әділ әрі бейбіт жолмен өту жолындағы күресі үшін» берілді.

Соңғы жаңалықтар