Талғардағы қанды оқиға: полиция қызметкері салғырттығы үшін сотталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының Талғар аудандық сотында кісі өлтіру және қыз баланы ұрлау ісі бойынша оқиғаның алдын алмаған полиция қызметкеріне үкім шықты.

а
Фото: ІІМ

Былтыр 6 қыркүйекте Алматы облысының прокуратурасы Талғар аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Оларға кәмелетке толмаған қызды ұрлап әкетіп, ер адамды өлтірген күдіктіні уақтылы ұстамады деген айып тағылды

Учаскелік полиция инспекторы Е.-ге қатысты іс ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы 2-бөлігі (салғырттық) және 369-бабы 2-1-бөлігі (қызметтік жалғандық жасау) бойынша қаралды. Жәбірленуші тараптың адвокаттары Асылбек Әбдірайымов пен Жандос Палмановтың айтуынша, сот жазаларды ішінара қосу арқылы Е.-ге 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

— ҚР ҚК-нің 369-бабы бойынша сот 2 жыл 2 айға, ал 371-бабы бойынша 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Түпкілікті жаза ретінде 2 жыл 4 ай мерзім белгіленді. Учаскелік инспектор Е. сот залында бірден қамауға алынды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді, — деді жәбірленуші тараптың адвокаттары.

Сонымен қатар полицей мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылып, «лейтенант» арнайы шенінен де айырылды. Сот жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу үшін 3 миллион теңге өндіріп алу туралы азаматтық талап арызын қанағаттандырды.

Еске салайық, Талғарда 2025 жылғы 6 қыркүйекте жантүршігерлік қылмыс болды: бейтаныс адам ер кісіні атып, кішкентай қызды алып қашып кеткен еді. Тергеу мәліметінше, күдікті мен кішкентай қыздың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің ағасын мылтықпен атып тастаған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.

Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып, күдіктіні ұстады. Артынша жарақат алған кішкентай қызға ота жасалды

2025 жылдың 17 қарашасында іс сотқа жолданды. Ал 4 желтоқсанда Қаскелең қаласында алдын ала сот отырысы өтіп, төрағалық етуші судья шешімімен сот жабық режимде өтетінін болды.

Биыл 18 наурыз күні Талғарда кішкентай қызды ұрлап, кісі өлтірген адам 25 жылға сотталды.

Соңғы жаңалықтар