Ұшар алдында әжесі үйреткен дұғаны оқитын: Талғат Бигелдинов жайлы туыстарының әңгімесі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыста 305 рет көкке көтеріліп, ерен ерлігі аңызға айналған Талғат Бигелдиновтың есімі ел есінде мәңгі сақталады. Ол — Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған жалғыз қазақ. Ажалмен бірнеше мәрте бетпе-бет келген майдангердің ерліктері туралы не білеміз?

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған Талғат Бигелдинов 1940 жылы Балашов әскери авиация мектебіне оқуға түсіп, кейін Чкалов әскери авиация училищесіне ауысады.

1943 жылдың қаңтарында майданға аттанып, жаумен болған әуе ұрыстарында көзсіз ерлігімен танылды.

а
Фото Бигелдиновтер отбасының архивінен

Атақты ұшқышқа Кеңес Одағының Батыры атағы алғаш рет 1944 жылдың 26 қазанында Знаменка мен Кировоград қалаларын азат ету кезіндегі ерлігі үшін берілді. Ол бұл шайқаста жаудың төрт ұшағын жойған.

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Бірінші Украин майданында ұрысқа қатысқан эскадрилия командирі, гвардия капитаны Талғат Бигелдинов соғыста 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жаудың бекіністерін, әуежайларын, теміржол тораптарын, көпірлерін және шоғырланған әскерін жойды.

Курск доғасындағы, Кишинев, Берлин және Прага маңындағы шайқастарда жаудың жеті ұшағын атып түсірді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсеновтың айтуынша, ол Талғат Бигелдиновпен 30 жылдан астам уақыт бойы жақын араласқан. Ғалым батырдың ерлік жолынан бастап, жеке өміріне дейінгі деректерді өз аузынан естігенін айтады.

Бигелдинов
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

— Ол кісі Қанжығалы Бөгенбай батырдың жетінші ұрпағы екенін айтатын. Абылай хан тұсындағы ерлік 1941–1945 жылдардағы жаһан соғысында Талғат Бигелдинов арқылы қайта тірілгендей болды, — дейді Болатбек Нәсенов.

Ұшқыш болуды армандаған жас жігіт Бішкектегі аэроклубқа оқуға түспек болады. Бірақ ондағылар бойы аласа болғандықтан бастапқыда қабылдамаған.

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Алайда, Талғат алған бетінен қайтпай, арманына қол жеткізіп, оқуға қабылданады.

— Әскери училищеде бір командир «бойың кішкентай, аяғың педальға да жетпейді» деп кемсіткен. Бірақ батальон командирі оны ұшаққа отырғызып, алғаш аспанға алып шығады. «Қорықпа, бойың аласа деген бос сөз» деп жігер береді. 1943 жылдың қаңтарында, 21 жасында майданға аттанады. Әскери жолы Калинин майданындағы 296-авиадивизияның 800-шабуылшы авиациялық полкінде басталады. Ол Ил-2 ұшағымен жаудың төрт «Мессершмитт» және бір «Юнкерс» ұшағын атып түсіреді, — дейді тарихшы.

а
Фото Болатбек Нәсеновтың жеке архивінен

Курск түбіндегі әуе шайқастарының бірінде Талғат Бигелдиновтің ізінен қуған неміс шабуыл ұшағынан оны Сергей Луганский құтқарып қалады. 

Осы оқиғадан кейін олардың арасында өмірлік достық орнайды.

— Бұл достық өмірінің соңына дейін жалғасты. Тіпті туысқандай болып кетті. Менің атымды Галина деп сол кісі қойған, — дейді Т. Бигелдиновтың қызы Галина Талғатқызы.

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Галина әкесінің соғыстағы қасіретті емес, қызықты сәттерін әңгімелегенді жақсы көреді.

— «Берлинге ұшып келіп, қонайын деп жатырмын. Алаң дәл менің ұшағыма лайық сияқты. Қондым. Капотты көтеріп қарасам, қарсыдағы көпқабатты үйдің терезелері толы адам. Бәрі — немістер. Ұшаққа жылдам қайта отырып, ұшып кеттім» деп күліп отыратын, — дейді қызы.

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Талғат Бигелдинов мінген ұшақтың бортына № 13 саны жазылған екен.

— Көпшілік бұл цифрдан сескенсе де, әкем оны өзінің бақытты саны санады. Ұшар алдында әрқашан әжесінің үйреткен дұғасын оқып отырады екен. Сол дұға оның жанына демеу болды, — дейді қызы.

1945 жылдың 27 маусымында эскадрилиясына шебер басшылық жасап, Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау және Берлин қалалары үшін болған ұрыстардағы жанқиярлық ерлігі үшін Талғат Бигелдиновке екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Тарихшы Болатбек Нәсеновтың айтуынша, даңқты ұшқыш бұл атаққа екі мәрте ғана емес, одан да көп рет лайық болған.

— Талғат ағамызбен бірге соғысқан майдандастары — Иван Кожедуб, Александр Покрышкин мен Алексей Поддубный да «сен бес мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына лайық болдың» деп айтқан. Бірақ Сталиннің бұйрығы бойынша кей ұлт өкілдеріне екіден артық берілмесін деген шектеу болған, — дейді тарихшы.

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Соғыстан кейін Талғат Бигелдинов 1950 жылы Әскери әуе академиясын аяқтап, 1956 жылға дейін КСРО Әскери-әуе күштерінде қызмет етті. Бұл кезеңде реактивті ұшақтарды меңгерумен айналысты. 

Сынақ кезінде бір апатқа ұшырап, алты ай бойы өмір мен өлім арасында болды. Осылайша екінші топтағы соғыс мүгедегі атанса да, бейбіт өмірде өз орнын тапты.

Әскерден кейін азаматтық авиация саласында басшылық қызметтер атқарып, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Ол — тек әскери ерлігімен ғана емес, адамгершілігімен де танылған тұлға.

— Соғыстан кейін мүгедек жауынгерлер мен жетім балаларға көмек көрсететін қайырымдылық қор құрды. Мінезі тік болса да, ешкімге дауыс көтермейтін, жанашыр, кеңпейіл адам еді, — дейді қызы.

Бұдан бөлек омарташылықпен айналысты.

— Өмірінің соңғы жылдарында сүйікті ісі — омарташылықпен айналысты. Араларын «бейбіт эскадрильям» деп атайтын. Бекен жеңгеміз де өте тамаша жан болатын. Барлық жағдайын жасап, соңына дейін қарады. Бірақ 23 жыл жары болған жанның есімі еш жерде аталмайды, — дейді Болатбек Нәсенов.

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Қазақтың қайтпас ерінің ерен ерлігіне Бішкек пен Көкшетау қалаларында қоладан ескерткіш орнатылған.

Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты мен Қарағанды қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернат Талғат Бигелдиновтің есімімен аталады.

а
Фото Бигелдиновтер отбасылық архивінен

Майданда сан рет ажалмен бетпе-бет келген, қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған Талғат Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.  

Биыл Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледждер ашылады.  

Соңғы жаңалықтар