Талғат Ермегияевқа мерзімінен бұрын босап шығуға рұқсат берілмеді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – «Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайды.

«Астана ЭКСПО - 2017» бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевке мерзімінен бұрын босатудан бас тартылды
Фото: ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі

Сот отырысы Алатау қаласында өтті. Алматы облысы сотының баспасөз қызметі мәліметінше, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш қаралып, ол қанағаттандырылған жоқ.

Еске салайық, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 2015 жылдың 12 маусымында үйқамаққа алынған.

2016 жылы 9 маусымда ол Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ сот Т.Ермегияевтен «Астана ЭКСПО-2017» компаниясына 5,9 млрд теңгені қайтару жөнінде үкім шығарды.

2017 жылы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевқа жазасын өтеу үшін қолайлы жағдай жасаған түрменің 16 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылды.

2018 жылы Талғат Ермегияевке қамқорлық жасаған Астанадағы колония басшысы сотталды.

Соңғы жаңалықтар