Талғат Теменов «Достастық жұлдызы» мемлекетаралық сыйлығының лауреаты атанды
«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық мемлекеттік қоры сізге өзінің құрметін білдіре отырып, мына жайтты хабарлауды мәртебе санайды. «Достастық жұлдызы «мемлекетаралық сыйлығын беру жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес, сіз 2019 жылы сыйлық лауреаты атағына лайықты деп танылдыңыз. Осынау атаулы оқиғамен шынайы құттықтауымызды қабыл алыңыз. Бұл сыйлықтың берілуі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің сіздің жасампаз еңбегіңізге және мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктеріңізге жоғары баға беретіндігін дәлелдейді» , - делінген ресми құттықтауда.
Талғат Теменов мұндай ерекше награда жекелеген жұмысына емес, жалпы шығармашылық әлеуеті мен жетістіктеріне, ең алдымен адамгершілігіне беріліп отырғандығын айтады.
«Бүгін маған қоңырау шалып, осындай жаңалықты хабарлады. Әрине, таң қалдым, қобалжыдым. Бұл менің ғана қуанышым емес, бүкіл Қазақстан үшін жетістік. Шетелде қазақтың кино өнерін, қазақтың театр өнерін танытып жүргенімен қуаныштымыз. Бұл мені шынымен де қуантады», - деді сезімімен бөліскен «Достастық жұлдызы» мемлекетаралық сыйлығының лауреты.
Айта кетейік, ТМД кеңістігіндегі мәдениет пен мәдени мұра саласындағы ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетін айрықша маңызы бар шығармашылық жұмыстар мен туынды жасағандарға мәдениет пен өнерге ірі үлес қосқандары үшін берілетін «Достастық жұлдызы «мемлекетаралық сыйлығын бұған дейін композитор Евгений Дога, актер Олег Табаков, ал ғылым мен білім саласында филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов алған болатын.
Теменов Талғат Досымғалиұлы – кинорежиссер, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі. Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін және Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы жоғары режиссерлер мен сценарийшілер курсын С.А. Соловьевтің шеберханасы бойынша бітірген.
«Адамдар арасындағы бөлтірік», «Махаббат бекеті», «Қызғыш құс», «Шаңырақ» атты көркемфильмдердің режиссері. «Гүлнәз», «Ой жасын» повестері мен әңгімелерінің авторы. Ол әр жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Ш.Айманов атындағы « Қазақфильм « киностудиясының көркемдік жетекшісі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жастар театрының директоры болған.