Талғат Жақыпбаев: Облыс бюджетінің көбеюі - облыс экономикасының даму көрсеткіші

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары Сыр өңірінде аграрлық саламен қатар өндіріс те қанатын кеңге жайып келеді. Осыған сәйкес облыс тайқазаны саналатын бюджеттік кіріс пен барлық сала бойынша ақшаның игерілу қарқыны да артып отыр. ҚазАқпарат тілшісі облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаевқа жолығып, бірнеше сауал қойған еді.
None
None

- Талғат Өмірзақұлы, облыс бюджетінің бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін білеміз. Осы турасында толығырақ тарқатып өтсеңіз...

- Қызылорда облысының бюджеті үстіміздегі жылы 207 млрд. теңгені құрады. Оның 58 млрд. теңгесі өзіміздің кіріс болып табылады. Жыл соңына дейінгі толық кірісті есептегенде 2012 жылмен салыстырғанда 21,2 млрд. теңгеге артып отыр. Бұл әрине біздің облыс үшін бүгінгі таңда үлкен жетістік болып саналады. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің көлемі 138,1 млрд. теңге жетті. Ал субвенция көлемі 84 млрд. теңгеге жетті. Мақсатты трансферт 32,4 млрд. теңге болса, оның дамуға бағытталғаны 21,7 млрд. теңгені құрайды. Жалпы, облыс бюджетінің көбеюі облыс экономикасының даму көрсеткішін айқындайды.

- Респуликадан құрылыс саласына бөлінген займдар мен оның игерілу деңгейі қандай?

- Республикалық бюджет есебінен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мен ипотекалық тұрғын үй құрылысына және ауылдық жерлерге баратын жас мамандарды қолдауға бөлінген қаржының жалпы сомасы 5,5 млрд. теңге болса, мұның бәрі жыл соңына дейін 100 пайызға игеріледі.

- Облыс бюджетінің көлемі артқанын білеміз. Сонда да болса Қызылорда қаласы дотация көмегіне жүгіне бере ме?

- Биылғы жылы барлық резервтерді іске қостық. Соның нәтижесінде облыстық бюджеттің субвенциясынсыз Қызылорда қаласының бюджеті жасақталды. Өткен жылы оның көлемі 3,6 млрд. теңгені құраса, 2012 жылы 3,9 млрд. теңге болатын. Сондай-ақ, Сырдария ауданы бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтуге болады. Жыл қорытындысы бойынша аудан 3 млрд. теңге көлемінде өзіндік кіріске қол жеткізді. Жалпы жыл ішінде аудан бюджеті 3,8 млрд. теңгеге өсіп отыр. Бірінші желтоқсанға жылдық болжам бойынша аудан бюджеті 131 пайызға артығымен орындалды. Артық табыс көлемі 1,2 млрд. теңгені құрайды. Ал ауданға бөлінетін субвенция 1,7 млрд. теңгеге азайды. Бүгінгі болжам бойынша Сырдария дотациясыз болуға мүмкіндігі бар аудан болып табылады.

- Жыл соңы да келіп қалды. Биылғы жылғы бюджет қаражатының игерілуі қандай деңгейде, өткен жылдармен салыстырғанда ілгерілеушілік бар?

- Биылғы жылдың қорытындысы бойынша облыс бюджеті толық көлемде игеріледі деген жоспарымыз бар. Атап өту керек, игерілген қаражат 2011 жылы 93,3 пайыз болса, 2013 жылы 98,4 пайызға өсті. Сонымен қатар бюджеттік мекемелердің кредиторлық және дебиторлық қарыздары азайды. Кредиторлық берешек 2012 жылмен салыстырғанда 84,3 млн. теңгеге, немесе 2 есе болса, дебиторлық қарыз 369,5. теңгеге төмендеді.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар