Talimger курсын аяқтаған 100 педагог оқушыларды кәсіпкерлікке баулуға дайын
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында Talimger жобасының алғашқы легінде кәсіпкерлік пен кәсіби бағдар беру курстарынан өткен 100 педагогке сертификаттар табысталды.

Бұл жоба Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып, мектеп оқушылары мен студенттердің жаңа экономиканың талабына сай заманауи дағдыларын дамытуға бағытталған.
Курс барысында ұстаздар кәсіби бағдар берудің әдістемелерінен бастап, бизнес-жобаларды құру және жүзеге асыру қырларын меңгерді. Олар қаржы, цифр және медиасауат бойынша заманауи құралдармен танысып, жаңа оқу жылынан бастап өңірдің мектептері мен колледждерінде қолданылатын бірегей әдістемелік материалдарға қол жеткізді.
Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова бұл бастаманы өңір үшін маңызды кезең деп атап өтті.
— Педагогтердің ынтасы мен ықыласын көріп отырмыз. Олар алған білімін оқушыларға жеткізуге дайын. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы жаңа буынды іскер, шығармашыл әрі жауапты азамат етіп тәрбиелей аламыз, — деді ол.

Жоба бас жаттықтырушысы Әсемгүл Қадырханның айтуынша, бағдарлама тек оқушыларға емес, ең алдымен педагогтерге бағытталған. Себебі, ұстаздар жас буынға тың ойлау қабілетін, жауапкершілік алуға дағдылануын және жаңа мүмкіндіктерді көру қабілетін қалыптастырады.
Курс түлектері де өз әсерлерін бөлісті.
— Курс барысында қаншама қызық әдістемелерді үйрендік. Енді сабақтарды жаңа форматта өткізіп, оқушыларды нақты жобаларға тарта аламын. Бұл бастама бізге шабыт берді, — Қарақия кәсіптік колледжінің оқытушысы Анар Тоқбаева.

Маған әсіресе бағдарламаның практикалық бөлігі — кейстер, бизнес-ойындар, пікірталастар қатты ұнады. Бұл бізге оқушыларды өмірге нақты дайындауға сенім береді, — деді Ақтау қаласындағы гимназияның психолог-профориентологы Ерғали Гүлжан.

— Talimger — жай ғана курс емес, тұтас даму жүйесі. «Halyk» қорына және жобаны қолдағандарға алғыс айтамын. Енді біз балаларға тек оқулықтан алынған білімнен де артық мүмкіндік бере аламыз, — Ақтау қаласы № 19 мектептің кәсіптік даярлық жөніндегі орынбасары Аймгүл Жанадилова.
Педагогтерді оқыту жобаның келесі легінде жалғасады. Ал 2025 жылғы қыркүйектен бастап «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні Маңғыстау облысындағы барлық мектеп мен колледжінде енгізіледі.
Айта кетейік, Talimger — Тимур Құлыбаев қорының өңірді дамытуға арналған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған «Кәсіпкерлік негіздері мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін оқытылуы тиіс» деген тапсырмасымен үндесіп жатыр. Қор қолға алған жоба – қоғам мен мемлекеттің тәжірибеге негізделген білімге деген сұранысына дер кезінде берілген жауап.