Таллин қаласының мэрі Қызылорда жұртшылығына ризашылығын білдірді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Эстония астанасы - Таллин қаласының жақында сайланған мэрі Михаил Кылварт Қызылорда облысы жұртшылығына алғысын білдірген жеделхат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, Михаил Кылварт биылғы 11 сәуірде Таллин қаласының мэрі болып сайланған еді. Осыған орай Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр жұртшылығы атынан құттықтау жеделхатын жолдаған еді. Өз кезегінде Михаил Кылварттың атынан облыс әкіміне жеделхат келіп түсті. Онда аймақ басшысы мен жерлестеріне ізгі тілектері үшін ризашылығын білдірген.

Айта кетерлігі, ол қала басшысы қызметіне жалғыз үміткер болған еді. Таллин қаласындағы Центрист партиясы ұсынған үміткерге Таллин қалалық жиналысының кезектен тыс сессиясында депутаттардың басым бөлігі сенім білдірді. Оған халық қалаулылары қатарынан 45 депутат үміт артты.

Сайлаудың негізгі талабы бойынша мэр атағын алу үшін кем дегенде 40 дауыс жинаса жеткілікті болатын.

Михаил Кылварт 1977 жылдың 24 қарашасында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Өмірбаян деректеріне сүйенсек, ол үш жасынан бастап Таллин қаласында өмір сүріп келеді. 1999 жылдан бастап саяси салада түрлі қызмет атқарып келеді. 2016 жылдан бері Таллин қаласының спорт, мәдениет, интеграция және білім жөніндегі вице-мэрі қызметін атқарған.

Соңғы жаңалықтар